7 өңірде спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернет ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — 7 өңірде спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернет ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов айтты.
- Қазір 13 өңірде спорттағы дарынды балаларға арналған 14 облыстық мектеп-интернат жұмыс істейді. Тұжырымдамаға сәйкес, қалған жеті өңірде осындай интернаттар ашу көзделген. Атырау облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы спорт интернатының құрылысы бойынша конкурстың бірінші кезеңі өтті. Шартқа қол қою 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланған. Өңірлерге осы тәжірибе негізінде спорт мектеп-интернат-колледждерін ашу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қарастыру ұсынылады, - деді министр.
Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.
- Оралда теннис, тренажер және ойын залдарын қамтитын «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қаражаты есебінен спорт залы ашылды. Ақтөбеде бассейні, күрес залдары мен тренажерлері бар спорт кешені салынып жатыр. Пайдалануға беру 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланып отыр. Жетісу облысының Талдықорған қаласында спорт кешенін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, - деді ол.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Үкіметтің қолдауы арқасында Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты тартылып жатыр. Аталған қаражат есебінен Ақмола облысының Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта Астанадағы Мұнайтпасов атындағы стадион, Алматы облысындағы спорт кешені, Көкшетаудағы көпбейінді кешен салынып жатыр.
- Республикалық бюджет комиссиясына жалпы құны 39,2 млрд теңге болатын 6 нысан бойынша өтінім жолданды, - деді министр.
Сондай-ақ, оның дерегінше, еліміздің өңірлерінде 14 жаңа стадион салу қажет.