7 жыл: Банк картасын ешкімге беруге болмайды – заңгер

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл алаяқтарға ақшаны шығаруға көмектескен 217 дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жыл басынан бері 61 киберқылмыстық топ әшкереленді.

тўлов картаси
Фото: ekonomim.com

Тергеу барысында олардың күрделі схемалар арқылы халықтың сенімін пайдаланып келгені анықталған. Бір қызығы, кей азаматтар өзінің дроппер болғанын да білмеген. Мұндай жағдайлардан қалай сақтану керек? Дропперлер қандай жаза арқалайды? Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған заңгер Бахтияр Кәрім жауап береді.

— Көбінесе дропперлікке 16-35 жас аралығындағы адамдар ілінеді. Жастардың дроппер болуына 2 себеп бар. Біріншісі — құқықтық сауатсыздық. Яғни өздері білмегеннен дроппер болып кетуі мүмкін. Ал екіншісі — оңай және жеңіл ақша табу, — дейді студия қонағы.

Дропперлерге тағайындалатын қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1 бабында көзделген. Заңға сәйкес есепшотын алаяқтарға ұсынып, ақша жымқыруға жәрдемдескендер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

— Дропперлікке қылмыстық жазадан бөлек, азаматтық та жауапкершілік қарастырылған. Өзінің дроппер болып жатқанын білмей картасын берген адам, картасынан қанша ақша өтсе, жәбірленуші сол адамның өзінен азаматтық сот арқылы ақшаны өндіріп ала алады. Яғни ол дроппер болғандықтан, ол ақшаны қолданбаса да, сот шешімімен өзінің жеке қаражатынан сол ақшаны қайтарып беруге мәжбүр болады, — дейді Бахтияр Кәрім.

Заңгер дропперлерге қатысты өз тәжірибесіндегі оқиғаны бөлісті.

— Дропперлікке тартудың ең кең тараған схемасы — Telegram желісі арқылы жұмыс ұсыну. Бұл жұмыста сіздің картаңызға түскен ақшаны басқа шотқа аударып, өзіңіздің сыйақыңызды алып қаласыз. Бұл үшін сізге ешқайда шығып, жұмыс істеудің керегі жоқ. Бір әйел адам 3 күн ішінде 10 млн тг қаражатты өз шотына қабылдап, басқа адамға аударған. Қазіргі таңда сол кісіден жәбірленушілер азаматтық сот арқылы сол ақшаны өндіріп жатыр. Ал ол кісі бұл ақшаны криптовалюта арқылы шетелдік алаяқтарға шығарып жіберген, — дейді ол.

Бахтияр Кәрім жаңа заң қабылданса да дропперлер тыйылмай тұрғанын айтады.

— Жаңа заң қабылданса да жағдай реттеліп жатқан жоқ. Керісінше, күннен күнге өршіп келе жатыр. Көп адам «мен үйде отырмын, ешқайда барған жоқпын. Маған қандай жауапкершілік артады?» деп ойлайды. Қысқаша айтсақ, әр адамның жеке сериялық нөмірі, әр адамның банктік картасы — өзінің жеке жауапкершілігінде. Сол үшін қаражатты қабылдаған карта иесі жауапкершілікке тартылады. Қарапайым өмірде банкоматтың алдында ақша салғалы тұрсаңыз да, «мен сізге ақша аударайын, сіз маған қолыңыздағы ақшаны бере салыңыз» деп шотыңызға ақша аудартады. Бірақ ол ақша алаяқтікі болып шығуы мүмкін. Демек, кейін сол банкоматтың алдында ақша шешіп берген адам сол ақшаны өзі қайтадан қайтарып беруге мәжбүр болады, — деп түйіндеді заңгер.

Айта кетейіке, қазақстандық төлем карталары шетелде жиі қолданылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар