700 бағдарлама жабылады: Қазақстанда жоғары білім жүйесі жаңарады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіне ауқымды өзгерістер енгізіліп, оқу бағдарламалары қайта қаралады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, білім беру сапасын арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынған. Соның бірі — білім мазмұнын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу.

— «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы аяқталды. Енді әр өңірде еңбек нарығына қажетті мамандықтар айқындалды. Соған сәйкес 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы қайта қаралады. Оның шамамен 700-і жабылады, — деді ол.
Министр бұл шешімдер нақты сұранысқа негізделгенін атап өтті.
— 73 мыңға жуық кәсіпорынға сауалнама жүргізілді. Соның нәтижесінде әр өңір мен сала бойынша кадрларға деген қажеттілік анықталды. Енді білім беру мазмұны осы деректерге сәйкес жаңартылады, — деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар инженерлік білім беру жүйесіне де өзгерістер енгізіледі.
— Инженер мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары практикалық оқытуға көшеді. Мысалы, Атырау мұнай және газ университетінде студенттер өндірісте тәжірибеден өтіп, нақты жұмыс үдерісіне қатысады, — деді министр.
Бұдан бөлек, шетелдік университет филиалдарына берілетін грант құны да қайта қаралады.
— Бұл бағытта Қаржы министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Шетелдік университеттердің оқу құны әртүрлі болғандықтан, бұл мәселе жеке қарастырылады. Сонымен қатар олардың оқытушыларының кемінде 30–40%-ы негізгі университеттен келуі тиіс, — деді ол.
Министрдің айтуынша, барлық өзгерістер осы жылдың ішінде қабылданып, жаңа оқу жылына дейін іске асырылады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты аграрлық мамандық студенттерінің шәкіртақысын көтеруді ұсынған еді.