75 млн теңге пара алмақ болған «Алматы Су» өкілі 5 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – «Алматы Су» бас директордың орынбасары – департамент басшысы Мақсат Жолдыбаев 75 миллион теңгені ұрлауға оқталғаны үшін 5 жылға сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлім етті

- Іс тергеліп, сотта қаралды. Тіпті, кәсіпкерден 75 миллион теңге алмақ болды деген айып тағылғанымен, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылғаны БАҚ беттерінде жарияланды. Қадағалау органының (прокуратураның) наразылығы бойынша апелляциялық шағым жасалып, үкім өзгертілді. Оған нақты 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ол сот залында қамауға алынды, - деді Д. Құрақбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, былтыр сәуір айында Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті ауыр қылмыс жасады деген күдікпен «Алматы Су» ШЖҚ МКК бас директорының орынбасарын ұстады.
Ол жергілікті кәсіпкерден орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және жасалған мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша ақшалай қаражат төлегені үшін 345 млн теңге көлеміндегі бұрын келісілген сомадан 75 млн теңге алған.