77,4 млрд. теңге қарызы бар 142 кәсіпорын банкроттық процедураларынан өтуде - Алматы облысы
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 77,4 млрд. теңге қарызы бар 142 кәсіпорын банкроттық әрекетінен өтуде. Бұл туралы бүгін «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында аталған өңірдің басшысы Амандық Баталов мәлім етті.
«56-қадам аясында мемлекеттік меншікті жекешелендіру жүргізілуде, қалпына келтіру және банкроттық әрекеттері жетілдірілуде. 2014-2015 жылдары 6 кәсіпорын жекешелендірілді, 2020 жылға дейін тағы 53 объектіні жекешелендіру кестесі бекітілді», - деді А.Баталов.
Өңір басшысының айтуынша, 77,4 млрд. теңге қарызы бар 142 кәсіпорын банкроттық әрекетінен өтуде. «Оның ішінде бүгінгі күнге 8 кәсіпорын банкрот деп танылды, 11-і - таратылды, 16-сы - қалпына келтіру сатысында, 116 -сы - қарастырылуда, ал бір кәсіпорында жаңа әрекет - борышкер мен несие берушінің арасында төлем қабілетсіздігін реттеу құралы қолданылды және ол енгізілген өзгертулерге сәйкес жұмыс жасап жатыр»,- деді ол.