8 ай бұрын жоғалған маңғыстаулықты табуға көмектескендерге 2 млн теңге берілмек
АҚТАУ. KAZINFORM — 34 жастағы Ерлан Есмағамбетов жұмыстан шыққаннан кейін, үйіне оралмаған. Ол 17 наурыз күні Кендірлі демалыс аймағы маңындағы жұмыс орнынан бейтаныс адамның көлігіне отырған. Содан үйіне келмеген.
— Жұмыстасы үлкендеу адам. Ол «Ерланның іші ауырды, сосын мен қорыққаннан жолға шығып, жолшыбай машинаға мінгізіп жібердім» деп отыр. Ол көлік жүргізушімен бізді полиция кездестірді. Ол растады. Бірақ, жолаушы 10-15 минуттан кейін өзі түсіп қалды деп отыр. Балам ұялы телефонын жұмысында қалдырып кеткен, — дейді анасы Гүлмира Есмағамбетова.
3 ай өткеннен кейін Ерланның күртешесі даладан табылған. Туыстары оны біреулер құлдықта ұстап отыр ма деп күдіктенеді.

Осы оқиға бойынша облыстық полиция депаратаменті қылмыстық іс қозғалғанын, соның аясында қажетті шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
— Адам жоғалу дерегі бойынша Қарақия аудандық полициясына туыстарынан арыз түскен сәттен бастап қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Жедел іздестіру шаралары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Ерлан Есмағамбетов іздестіру есебіне қойылып, бүкіл ел бойынша полиция бөлімдеріне бағыттама жолданып, ақпарат берілді, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ерлан Есмағамбетов отбасылы, 3 баласы бар. Туыстары оны тауып берген адамға 2 миллион теңге сыйақы берілетінін жеткізді.
Бұған дейін, Павлодар облысында жоғалған аңшының бірінің мәйіті табылған болатын.