Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

8 мыңнан 85 мыңға дейін: Қазақстан қалаларында тіл курсы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қалаларындағы тіл курстарының бағасында он есе айырмашылық бар. Курс бағасы айына 8 мыңнан басталып, 85 мыңға дейін жетті. Бағаға өңір, оқу әдісі мен таңдау бағдарламасы, тіл орталығының өзі де әсер етеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

От 8 до 85 тысяч тенге: сколько стоят языковые курсы в городах Казахстана
Фото: Kazinform/ЖИ

Тіл курстарындағы бағаны салыстырған кезде ересектерге арналған ағылшын тілі бағдарламасына тоқталдық. Себебі қазіргі кезде дәл осы курсқа сұраныс артып тұр.

Ең жоғары баға Астана мен Алматы қалаларында тіркелді. Елордада тіл курсының бағасы 40 000 – 85 000 теңге аралығында. Ал Алматы қаласында 28 000 теңгеден басталып, 78 000 теңгеге жетті. Баға жоғары қалалар қатарында Шымкент те бар. Мұнда тіл курсының құны айына 60 000 теңгеге дейін барады.

Облыс орталықтарының көбінде баға 20 000 – 45 000 теңге аралығында. Ал Қарағанды мен Жезқазған қалаларында оқу ақысы 20 000 – 60 000 теңге, Семейде 25 000 – 58 300 теңге аралығында болса, Талдықорған, Тараз бен Қонаевта 45 000 теңгеге дейін жетті.

ы
Фото: Kazinform

Баға Қостанай мен Атырау қалаларында айына 15 000 – 25 000 теңге, Қызылордада 15 000 – 40 000 теңге, Павлодарда 25 000 – 33 000 теңге, Петропавлда 22 500 – 30 000 теңге, Көкшетауда 30 000 – 35 000 теңге, Өскеменде 17 900 – 30 200 теңге аралығында.

Ағылшын тілі курсының ең арзаны Орал қаласында. Мұнда айына 8 000 теңгеден басталады. Ақтау қаласында 18 000 – 50 000 теңге аралығында болса, Ақтөбеде 20 000 теңгеден басталып тұр. Бұл баға шамамен алынған және бірінде оқу топпен болса, енді бірінде жеке үйретеді. Тіл курстарының көбі оқу ақысын ай сайын алады. Оқу аптасына екі немесе үш рет өтеді және ұзақтығы 60 минуттан 90 минутқа дейін созылады. Алайда курстың ұзақтығы мен оқу әдісі бағдарлама мен тіл орталығына тікелей байланысты болады.

Сонымен бірге кейбір тіл орталықтары халықаралық емтихандарға, соның ішінде IELTS сынағына бөлек дайындайды. Сұранысқа байланысты арнайы курстар ұсынады. Оның бағасы бөлек есептеледі.

Қазақстанның ірі қалаларында ағылшын тілінен басқа қытай, франсуз, неміс, түрік, кәріс және өзге де шет тілдерінің курстары бар. Бірақ барлық қалада бірдей таңдау бола бермейді және оның бағасы ағылшын тілін оқыту курсына қарағанда өзгеше есептеледі.

Айта кетейік, балалардың оқу курсы бағасы бұл талдауға кірмеді. Тіл курсының бағасы баланың жасына, оқу бағдарламасының ұзақтығы мен топтың деңгейіне байланысты өзгеріп отырады.

Бұған дейін елдегі беделді ЖОО-ларда оқу ақысы туралы жазылды.