9 мамыр. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 9 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

63 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрбақыт Әбдіғалиұлы БӨКЕБАЕВ дүниеге келді.

Нұрбақыт Әбдіғалиұлы БӨКЕБАЕВ
Фото: almaty.tv

Алматы облысы, Шелек ауданының Ащысай ауылында туған.

1981-1983 жылдары әскери борышын өтеген. 1985-1987 жылдары Республикалық эстрада цирк студиясының вокал бөлімін аяқтап, 1987-1991 жылдары Алматы театр өнері институтын «кино және драма актеры» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1991-1992 жылдары Қазақконцерт бірлестігінің солисі, концерт жүргізушісі, әкімшісі болып қызмет атқарды. 1992-1995 жылдары Алматы қаласында Мәдениет министрлігінің бас маманы, 1995-1998 жылдары Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада цирк колледжінің актер бөлімінің меңгерушісі және Т.Жүргенов атындағы Кино және өнер институтында дәріс берді. 1998-2000 жылдары Т. Жүргенов атындағы Кино және өнер институтының проректоры қызметін атқарды. 2000-2005 жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданының Ішкі саясат басқармасының басшысы, 2005-2006 жылдары Алматы қаласының Ішкі саясат департаментінің бас эксперті, 2006-2008 жылдары Алматы қаласының Кіші Ассамблеясының төрағасы, 2008-2010 жылдары Астана қаласында Мәдениет министрлігі Өнер басқармасының басшысы, 2010-2012 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры директорының бірінші орынбасары, 2012-2015 жыл аралығында Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры директорының бірінші орынбасары, 2016-2022 жылдары Қазақ мемлекеттік циркінің директоры қызметтерін атқарды.

59 жыл бұрын (1967) «Altyn Bank» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Байсынұлы БАЙСЫНОВ дүниеге келді.

Мұрат Байсынұлы БАЙСЫНОВ
Фото: Altyn Bank

Қызылорда облысының Сырдария ауданында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (1990) заңгер мамандығы бойынша, Бүкілресейлік қаржы-экономикалық институтының қаржы-экономика факультетін экономист мамандығы бойынша бітірген (1999).

Еңбек жолы: Қызылорда қалалық прокуратурасында тергеуші (1990); әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде мемлекет және құқық теориясы кафедрасының ассистенті (1990-1993); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің заңнама бөлімінде аға кеңесші (1993); «Олимпия-Экспресс-Алматы» БК бас директорының орынбасары (1994-1995); Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің заң департаменті директорының орынбасары (2000-2004); Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің Заң департаментінің директоры (2004-2007); Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары (2007-2011); ұлттандырылған банктердің директорлар кеңесіндегі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілі (2011-2012); «Темірбанк» АҚ Басқарма төрағасы (2012-2013); «Altyn Bank» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі (2015-2025).

2025 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Жәнібекұлы ӨМІРӘЛИЕВ дүниеге келді.

Жандос Өмірәлиев
Фото: видеодан алынған скрин

Шымкент қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. 2004-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура басқармасының прокуроры және аға прокуроры, 2005-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары прокуратураларының және Батыс өңірлік көлік прокуратурасының орынбасары және басқарма бастығы, 2010 жылдан 2011 жылға дейін Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі – Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің хатшысы, 2011-2017 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 2017-2018 жылдары Бас прокурор Аппараты басшысының орынбасары және Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментінің бастығы, 2018-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысының прокуроры қызметін атқарған.

2025 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Фарахатұлы ЕЛЕМЕСОВ дүниеге келді.

Жеңіс Фарахатұлы Елемесов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, заңгер (2000); Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген, экономист (2002); Мәскеу халықаралық жоғары бизнес мектебі «MIRBIS», бизнес әкімшілігі магистрі (MBA), стратегиялық менеджмент және бизнес саясаты мамандығы бойынша (2013); Ресей Президентінің жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясын мемлекеттік және муниципалдық басқару мамандығы бойынша (2014).

Еңбек жолы: инспектор, Алматы облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде (Қаржы полициясы) басшылық қызметтер атқарды (2000-2008); Астана қаласы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде басшылық қызметтерде жұмыс істеді (2008-2010); үкіметтік емес коммерциялық және қаржылық құрылымдарда жұмыс істеді (2010-2012); Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары (2012-2014); үкіметтік емес коммерциялық және қаржылық құрылымдардағы жұмыс (2014-2019); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген (2019); Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеулер департаментінің басшысы (2019-2021).

2021 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1984) «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Қайнарұлы СӘРСЕКЕЕВ дүниеге келді.

Фархат Қайнарұлы СӘРСЕКЕЕВ
Фото: damu.kz

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген.

Еңбек жолы 2005 жылы банк секторында басталған. 2005-2006 жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ Шағын және орта бизнесті несиелеу басқармасында 1 және 2-санатты менеджер болып жұмыс істеді. 2008-2009 жылдары «Демир Банк Қазақстан» АҚ Корпоративтік бизнес департаментінің несие менеджері, 2009-2010 жылдары — «АТФ Банк» АҚ (UniCredit Group) Restructuring and workout бас маманы, 2010-2012 жылдары«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ активтерді қайта құрылымдау департаментінің бас фронт-менеджері, 2012-2015 жылдары «Сбербанк» АҚ ЕБ Ұлттық компаниялармен және даму институттарымен жұмыс департаменті директорының орынбасары, 2015-2018 жылдары — «Сбербанк» АҚ ЕБ Қарағанды филиалында Корпоративтік бизнес жөніндегі директордың орынбасары, 2018-2019 жылдары — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Басқарушы директоры, 2019-2023 жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. 2023-2025 жылдары «Фридом Банк Қазақстан» АҚ Корпоративтік бизнес жөніндегі басқарушы директоры болды.

2025 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

42 жыл бұрын (1984) «Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Нариман Нұрланұлы МҰҚЫШЕВ дүниеге келді.

Нариман Нұрланұлы Мұқышев
Фото: Halyk Bank

Қарағанды ​​облысының Сәтпаев қаласында дүниеге келген. Сүлеймен Демирел атындағы университетті (2007) жүйелік инженер мамандығы бойынша; ал Халықаралық бизнес академиясын (2011) бизнес әкімшілігі магистрі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: «Қазкоммерцбанк» АҚ-та маман, жетекші маман, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, инновациялық технологиялар департаментінің директоры (2005-2014); «Қазпошта» АҚ-та инновация және IT жөніндегі басқарушы директор (2014-2017); «Қазпошта» АҚ-та бизнесті трансформациялау және IT жөніндегі басқарушы директор (09.2017-06.2018); Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі (2018 жылғы маусым – 2020 жылғы шілде); «BI Innovations» ЖШС бас директоры (2020–2022).

Қазіргі қызметін 2022 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

93 жыл бұрын (1933-1994) спорт журналисі, публицист және қоғам қайраткері Сейдахмет БЕРДІҚҰЛОВ дүниеге келген.

Сейдахмет Бердіқұлов
Фото: gov.kz

Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қаракесек қыстағында туған. 1956 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.

1965-1970 жылдары «Қазақстан пионерінің» редакторы, 1970–1986 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986–1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды. Шығармалары: «Сол орамал жоғалмайды» (1965), «Жүрек ұйықтауды білмейді» (1966), «Жұмыр жерде теңбіл доп» (1968), «Егеулі найза» (1969), «Аспаннан шұға жауған күн» (1975), «Мұңайып оянған қала» (1979), «Үшінші подъезд» (1980), «Пердесіз көңіл» (1983), «Арбаған мәні бір сиқыр» (1987) және тағы басқа.