9 мамыр. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 9 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Pixabay.com

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Жеңіс күні

Жеңіс күні Қазақстанда 9 мамыр мемлекеттік мереке әрі демалыс күні болып саналады. Батыс Еуропада Жеңіс күні 8 мамырда атап өтіледі. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыс бойынша Капитуляция туралы актіге Орталық Еуропа уақыты бойынша 22:43-те қол қойылған, ал бұл кезде Мәскеу уақыты бойынша 9 мамыр сағат 0:43 болатын.

Айта кетсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектерінің 70 пайызы. Майданның алғы шебінде Қазақстанда құрылған 23 бірлестік, 50 шақты полк пен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге, Берлин шабуылына белсене қатысты. Ондаған мың қазақстандық ерен ерлігі үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Соғыстан 600 мыңнан астам қазақстандық оралмады.

Дүниежүзілік әділ сауда күні

Бұл мерейтойлық күн жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде Дүниежүзілік әділ сауда ұйымының қамқорлығымен аталып өтеді. Мерекенің миссиясы – халықаралық ережелерге сәйкес әділ сауда қағидаттары мен адал бизнес тәжірибелерін насихаттау. Сынның негізгі тақырыптары – балалар еңбегі, құлдық, бағалардың көтерілуі және өндірістік экожүйелердің бұзылуы.

Еуропа күні

Ресми түрде Еуропалық Одақ (ЕО) елдерінде атап өтіледі. Бұл күн интеграция үдерісіне Еуропа елдерінің азаматтарын барынша тығыз тарту мақсатында құрылды, сондай-ақ ЕО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарына және басқа әлемдегі адамдарға Еуроодақ сияқты ұйымдардың артықшылықтары туралы мәлімет беруге бағытталған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1840 жылы Аякөз өңіріне метеорит құлады. Түскен жеріне байланысты «Қарақол» аталған ол метеориттің сынығы алдымен Семейге, артынша Петербургке жеткізілді.

1992 жылы Петропавл қаласындағы Коммунистік көшесіне Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді.

1999 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жаңа кешені салтанатты түрде ашылды.

2001 жылы Астана қаласында «Отан Ана» Отан қорғаушылар монументі ашылды.

2010 жылы Венада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Австрия аумағында ұрысқа қатысқан және қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналып Батыс Еуропадағы алғашқы мемориал орнатылды. Ұлттық мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі Линц қаласының маңында Дунай алқабында орналасқан бұрынғы «Маутхаузен» концентрациялық лагерінің аумағында қазақ және неміс тілдерінде өтті.

2012 жылы Гонконгта Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Гонконг Арнайы Әкімшілік ауданы (АӘА) арасында өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды.

2012 жылы қазақстандық альпинистер теңіз деңгейінен 3,6 мың метр биіктіктегі Іле Алатауы тауларында орналасқан Бірлік шыңына көтеріліп, сол жерде мемориалдық тақта орнатты. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген сөздермен аяқталатын естелік тақтайша лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың ерлігіне арналған.

2017 жылы Варшавада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польша астанасы үшін шайқаста қаза болған қазақ сарбазы Нұркен Шалабаевты еске алды. Жеңіс күні Варшаваны босату үшін өмірін қиған және Варшава әуежайының маңындағы әскери зиратта жерленген қарапайым қазақ жауынгері Нұркен Шалабаевтың қабіріне Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы, Қазақстандағы поляктар одағы және «Польша-Шығыс» достастық қоғамы атынан гүл шоқтары қойылды.

2017 жылы Алматыда жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының ерлігі жайлы «Бауыржан Момышұлы. Бір кітаптың тарихы» атты деректі повесть басылып шықты. Бұл еңбек 1993 жылы аз тиражбен шыққан Жүніс Ибраевтың «Майдан жыры мен сыры» кітабының орыс тіліне аударылған нұсқасы.

2018 жылы Қазақстанда «Ұмытылған батырлар» акциясы басталды, оның аясында түрлі себептермен тиісті марапаттарын ала алмаған қазақстандық батырлардың туыстарын табу жоспарланған. Соғыс жылдарында ерлік жасап, алайда түрлі себептермен тиісті наградасын ала алмаған қазақстандық батырларға құрмет көрсету идеясын белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы көтерген болатын.

2020 жылы Атырау қаласында Жеңіс саябағында Ұлы Отан соғысы батырлары – қала тұрғындарының 14 мүсіні орнатылды. Олардың арасында Кеңес Одағының Батырлары, Халық қаһармандары және Даңқ орденінің толық кавалерлері бар. Батырлардың арнайы жасалған бюстері гранит тұғырларға орнатылған. «Еске алу аллеясын» Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен қала әкімі Қайрат Оразбаев ашты.

2021 жылы Алматы қонақүйінің қасбетінде Almaty қонақүйінің бұрынғы бірінші директоры Рақымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды. Ол бұл қызметті 20 жыл бойы, яғни 1988 жылы қайтыс болғанға дейін атқарды. Рақымжан Қошқарбаев – офицер, Ұлы Отан соғысына қатысушы, 1945 жылы 30 сәуірде өзінің қатарлас жауынгері Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен.

2023 жылы Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің оркестрі Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Михайловты Жеңіс күнімен құттықтады. 1944 жылы Григорий Михайлов жасына екі жас қосып, Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Жапонияны Квантун армиясын талқандауға қатысты.

2024 жылы Талдықорған әуе базасына Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, авиация генерал-майоры, аты аңызға айналған қазақстандық ұшқыш және 270-ші жойғыш авиациялық полкінің эскадрилья командирі Сергей Луганскийдің есімі берілді.

2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі batyrlargatagzym.kz порталын іске қосты. Жобаның басты мақсаты – әрбір батырдың тарихта лайықты бағасын алуын қамтамасыз ету. Порталда 100 мыңнан астам қазақстандық ардагерлер туралы ақпарат бар.

2025 жылы Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығының шарықтау шегіне орай үлкен дрондық жарық шоуы өтті. 500-ден астам дрон жарық пен анимация тілі арқылы батырлықты, ерліктің символын жеткізу үшін аспанға көтерілді. Шоуға Абай алаңында 60 000-нан астам адам жиналды. Сондай-ақ, Алматы телеарнасының YouTube арнасында тікелей эфир ұйымдастырылды. Шоу батылдықтың символы және ұлы мерейтойды еске салатын «80 • 1941–1945» деген жазуы бар бес бұрышты жұлдызбен ашылды. Осыдан кейін аспанда сарбаз дулығасы мен қызыл қалампыр гүлдері пайда болып, қаза тапқандарды еске алды. Қазақстандық батырларға ерекше назар аударылды. Аңызға айналған батырлар Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Талғат Бигелдинов және Бауыржан Момышұлының бейнелері Алматы аспанында жарқырады.