9 сәуір. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 9 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
67 жыл бұрын (1958) «AML ACADEMY» қаржылық мониторинг академиясы» АҚ ректоры Ерғали Серікбайұлы МЕРЗАДИНОВ дүниеге келді.

Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы) Киров ауданының Абай ауылында туған. 1975-1977 жылдар аралығында Киров ауданының шарап зауытында жұмысшы болып еңбек еткен.
1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне І курсқа қабылданып, 1978 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқуын жалғастырды. Осы университетті 1982 жылы үздік аяқтағаннан кейін Алматы қаласының Калинин аудандық прокуратурасында прокурордың көмекшісі, аға тергеуші болып қызмет атқарды. 1986 жылдан бастап ҚазақКСР прокуратурасында тергеу басқармасының прокуроры, аса қауіпті қылмыстарды тергеу бөлімі бастығының орынбасары, кейіннен Қазақ көлік прокуратурасының тергеу, анықтауды қадағалау бөлімінің бастығы, Совет ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 1996 жылдың наурызы мен 2002 жылдың ақпан айы аралығында Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы және Қарағанды облысының прокуроры қызметін атқарды. 2002 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі болып тағайындалды.
2004 жылдың мамырынан 2005 жылдың маусымына дейін Астана қаласының прокуроры лауазымында болған. 2005-2009 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары, 2009-2018 жылдары ҚР Бас әскери прокуроры. 2018-2022 жылдары ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры қызметін атқарды.
І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», «Астананың 10 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне 90 жыл» мерейтойлық медальдарымен, II дәрежелі «Қайсар» төсбелгісімен марапатталған.
56 жыл бұрын (1969) ҚР Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары Марат Сұлтанұлы УАҚПАЕВ дүниеге келді.

1993 жылы Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты.
1993-1996 жылдары Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті азаматтық құқық кафедрасының оқытушысы, 1996-1998 жылдары Л. Гумилев атындағы Еуразия университеті азаматтық құқық және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, 2001-2002 жылдары ҚР Парламенті Сенаты аппараты құқықтық сараптама бөлімінің консультанты, заңдар және құқықтық реформа комитеті хатшылығының, сараптама бөлімінің, ақпараттық-талдау бөлімінің, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетімен өзара байланыс жасау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген.
«Құрмет» орденімен (2020), алты медальмен, соның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ТМД ПАА кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Үздік мемлекеттік қызметші» төс белгісімен марапатталған.
54 жыл бұрын (1971) «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Болат Оралұлы АҚШОЛАҚОВ дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының есеп пен экономикалық кибернетика факультетін «экономист» мамандығы бойынша, 1998 жылы Мұнай және газ өндірісі білім орталығын «Жер қойнауын пайдалануға келісімшарттарды бағалау» және «Мұнай өндіру экономикасы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1994-1995 жылдары Alem Bank Kazakhstan – экономист, бас экономист, 1997-2001 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкi бөлім бастығы, департамент директоры, 2001-2003 жылдары «Қазақойл» ҰМГК» ЖАҚ аға сарапшы, менеджер, бас менеджер, департамент директорының орынбасары, 2003-2006 жылдары Commonwealth and British Services Ltd. бизнес-талдаушы, менеджер, қаржы директоры, 2006-2008 жылдары «Қазмұнайгаз» ҰМК» ЖАҚ ҚБ үлестерін басқару жөніндегі атқарушы директор, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі, 2009-2010 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның электр энергетика және мұнай-газ активтері мәселелері жөніндегі басқарушы директоры, 2010-2011 жылдары «PSA» ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ президенті, 2012-2014 жылдары Мұнай және газ вице-министрі, 2014-2016 жылдары «Almex Petrochemical» ЖШС бас директоры, 2016-2017 жылдары «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры, 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі, 2022-2023 жылдары «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры. Қазақстан Республикасының энергетика министрі болды.
48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ерәділ Қалидоллаұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, С. Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетін (Құқықтану, физика және есептеу техникасы) бітірген.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Павлодар облысы бойынша Құқықтық статистика және ақпарат орталығының статистика қалыптастыру бөлімінің прокуроры, 1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Павлодар облысы бойынша Құқықтық статистика және ақпарат орталығының автоматтандырылған жүйелерді сүйемелдеу, техникалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету бөлімінің бас маманы, 2001-2005 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша басқармасының бағдарламалық және автоматтандыруды қамтамасыз ету тобының прокуроры, аға прокуроры, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ақпараттық-талдау департаментінің бөлім бастығы болды.
2006 жылы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің құқықтық статистиканы қалыптастыру басқармасының бағдарламалық және автоматтандыруды қамтамасыз ету бөлімінің прокуроры. 2006-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің талдау жұмысы және құқықтық реттеу басқармасының ақпараттық технологиялар бөлімінің аға прокуроры қызметін атқарды. 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің талдау жұмысы және құқықтық реттеу басқармасының ақпараттандыру бөлімінің бастығы болды. 2010-2019 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің талдау жұмысы және құқықтық реттеу басқармасының ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бастығы. 2015-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық-талдау жұмысы басқармасының бастығы, 2019-2021 жылдары Ақпараттандыру және цифрлық даму басқармасының бастығы қызметін атқарды.
2021 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.
46 жыл бұрын (1979) Түркістан облысы Арыс қаласының әкімі Қайсар Зәкірұлы МАНҚАРАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Есеп және аудит, құқықтану мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетінің дәрменсіз кәсіпорындар мониторингі бөлімінің жетекші маманы (2004-2005); Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) қызметкері, Астана қаласы (2005-2010); «Қазақстан Республикасы Парламенті Экономика департаментінің Әкімшілік ғимараттар дирекциясы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары (2010-07.2012); Бірінші орынбасары, «НК СПК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Орал (2012-2013); Орал қаласы әкімінің экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары (2013-2016); Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы (2016-2024).
2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.
32 жыл бұрын (1993) жүзуден Азия паралимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы Әнуар Ерланұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Ақмола қаласында туған. 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2009-2012 жылдары Мүгедек-спортшылар арасында жүзуден ҚР чемпионаттарының жүлдегері және чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоу (Қытай) Азия паралимпиада ойындарының қатысушысы, 2014 жылы жүзуден Азия паралимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы. 2012 жылы Ұлыбританиядағы ашық чемпионатта күміс, екі қола медаль иеленген.
2015 жылы «Дене шынықтыру, спорт және туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет белгісімен марапатталған.