Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлттық банк халық несиесінің өсуін тежеу үшін жаңа шараларды қарастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде халықтың шамадан тыс қарыз алуын шектеу шараларын күшейеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мәлім болды.

90 күннен асқан қарызы бар азаматтарға несие беруге тыйым салынуы мүмкін
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Кеңес Ұлттық банк дайындаған 2025 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есептің негізгі тұжырымдарын қарады.

Сондай-ақ кеңес кезінде халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға бағытталған шаралар да қарастырылды.

Ұлттық банктің мәліметінше, халықтың шамадан тыс қарыз алуын шектеу үшін қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны баяулаған. Бұл шаралардың қатарында банктер үшін капиталдың арнайы буферін енгізу, қарыз жүктемесін есептеу тәртібін жетілдіру, кепілсіз банктік қарыздар мен микрокредиттердің ең жоғары мөлшерін белгілеу, сондай-ақ 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салу бар.

— Бөлшек кредиттеу нарығындағы жағдайға мониторинг жалғасады. Қарыз түрлері (автокредиттеу, ипотека, кепілсіз қарыздар) бойынша қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентіне мониторинг жүргізіледі, сондай-ақ шекті мәндер белгіленбей, қарыз алушылардың жиынтық берешегіне мониторинг жалғасады. Қажет болғанда, бөлшек кредиттеу сегментінде тәуекелдер артқан жағдайда, Ұлттық банк қарыздың жекелеген түрлері және жиынтық берешек бойынша КБК-нің сараланған шекті мәндерін белгілеу мәселесін қарауы мүмкін, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін елімізде енді қиындық тудыратын несиелердің төлемін азайтуға болатынын хабарлағанбыз.