988 мың адам: елімізде тұрғын үй кезегіндегілерді пәтермен қамту қарқыны қалай

АСТАНА.KAZINFORM — Қазір елімізде баспана кезегінде тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқыны қалай? Бұл сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.

Алматыда 885 отбасы жаңа пәтердің кілтін алады
Фото: Алматы әкімдігі

- Бүгінде ел бойынша тұрғын үй кезегінде 988 мыңнан астам адам есепте тұр, оның ішінде 459 мыңға жуығы әлеуметтік жағынан осал топқа (ХӘОТ) жатады. Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша баспана кезегінде тұрған 18 859 отбасы тұрғын үйге ие болды, оның ішінде 12 653-і – жалдамалы тұрғын үй, 6 206-сы – жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша алынған баспана, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар ведомство мүгедектігі бар адамдарды баспанамен қамтамасыз ету шараларына түсінік берді.

- Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасында 66 818-і I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, 28 341-і мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатында тұр, - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Аталған санаттарға заңнама нормаларына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік келесі қолдау шаралары көрсетіледі:

  • коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды беру (арендалық тұрғын үйлер);
  • жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау;
  • тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы 2% жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру;
  • тұрғын үй сертификаттарын беру.

Бұдан басқа, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар санатында арендалық тұрғын үйді алған азаматтар сол баспананы өтеусіз негізде жекешелендіру құқығына ие.

Айта кетейік, бұған дейін апатты жағдайдағы үйлердің көбі қай өңірде екенін жазған едік.