А.Атамбаев: Қырғызстан бұрынғы ел билігінің Қазақстанға қатысты жіберген қателіктерін түзеуде
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаты барысында Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың басым салалары туралы айта келе, елде қазақстандық инвестицияларды тарту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда тауар айналымы бойынша елімізде Қазақстан Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші орынды алады. Өсу қарқыны жоғары. Жақсы инвестициялардың да Қазақстаннан келгенін айта кету керек. Қазақстандық инвесторлар Қырғызстан экономикасына миллиард доллардан астам қаражат салған. Менің ойымша, бұл өсім арта түседі», - деді А.Атамбаев.
Қырғыз елінің басшысы ел Үкіметінің қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру мен сыртқы инвесторлар үшін экономикалық қатерлерді азайтуға бағытталған шараларды қолға алып отырғанына ерекше көңіл бөлді.
«Біз алдыңғы биліктің қателігін түзету әрекеттерін қолға алдық. Атап айтқанда, ол кезде қазақ инвесторларына тиесілі банк рейдерлік жолмен тартып алынған болатын. Рейдерлік туралы біздің тиісті дәлелдерді келтіруімізден кейін бұл банк қазақ инвесторларына қайтарылды. Біздің қарым-қатынастарымыздың дамуының жаңа кезеңінен үміт күтеміз, әрі, Қазақстан Президентінің бауырмалдық ниетін де байқадық. Бәріміздің Еуразиялық экономикалық одақта басымыз қосылған кезде біріккен әрекеттеріміздің экономикалық дүмпу тудырары сөзсіз!» - деп атап өтті А.Атамбаев, екіжақты тиімді экономикалық интеграцияға деген ұмтылысын білдіре отырып.