А.Баталов: Алматы облысында үш ауысымда оқитын мектептер болмайды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 2016-2017 оқу жылдары Алматы облысы 43 мектеп сала отырып, апатты жағдайда тұрған және үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесін толық шешеді. Бұл туралы бүгін «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында аталған өңірдің басшысы Амандық Баталов мәлім етті.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің стандарттары аясында жоғарғы сыныптар кезең-кезеңімен 12 жылдық білім беруге көшіп, білім саласы жан басына қаржыландырылады, сондай-ақ мектептерде үш тілде оқытуды енгізу жоспарлануда. 2013 жылдан бері Талғар ауданының төрт мектебінде (М.Әуезов атындағы №5 ОМ, Т.Рысқұлов атындағы №14 ОМ, №16 ОМ, №49 ОМ) жан басын қаржыландырудың пилоттық жобасы жүргізілуде. 2013-2014 оқу жылы 1-сыныптан бастап, ал 2015-2016 оқу жылынан бастап, 1-3-сыныптарда ағылшын тілін оқыту енгізілді»,-деп хабарлады аймақ басшысы.
А.Баталов атап өткендей, биылдан бастап, жаңа оқу бағдарламасын енгізу үшін аймаққа қарасты алты мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттырмақ.
«Сондай-ақ, 2016-2017 оқу жылдары облыста 43 мектеп сала отырып, апатты жағдайда тұрған және үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесін шешеміз»,-деп толықтырды облыс әкімі.