А.Дауылбаев құқық қорғау күштері лаңкестік пен экстремистік қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайын еместігін мойындады
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Еліміздің құқық қорғау күштері лаңкестік пен экстремистік қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайын емес.
Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР-дағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, есірткі заттарының заңсыз айналымының жағдайы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тақырыбына қатысты құқық қорғау органдары басшыларымен өткізіп жатқан кеңесінде ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев осылай деді.
«Соңғы жылдардағы резонансты оқиғалар құқық қорғау күш құрылымдарының лаңкестік пен экстремистік қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайын емес екендігін көрсетті», - деді А.Дауылбаев.
Бас прокурордың атап өтуінше, оған құқық қорғау органдарында болжау-сараптамалық және жедел жұмыстарының тиісті деңгейде болмауы, қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейлерінің төмендігі, материалдық-техникалық жарақтанудың халықаралық стандарттарға сай келмеуі басты себеп болуда.