Ә.Исекешев: Вокзалдар мен әуежайларда сервисті жақсарту басымдықты жұмыс болуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халыққа көрсетілетін қызмет сапасы мен көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігінің біртұтас стандарттарын құру 2016 жылы Көлік және азаматтық авиация комитеттері үшін басымдық болады, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
None
None

Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев ҚР ИДМ мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің, көлік нысандарының бірінші басшылары және бас көлік прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте айтты.

«Соңғы жылдары біз аталған салада айтарлықтай алға жылжыдық: заңнамаға өзгерістер енгізілді, бірқатар қосымша нормативтік актілер әзірленіп, шаралар жүзеге асты. Бұл көліктегі қауіпсіздік жүйесі үшін аса маңызды шаралар», - деп атап өтті Әсет Исекешев. Әйтсе де, осындай жетістіктерден өзге деді министр, көліктік-коммуникациялық кешені ұйымдарының белгіленген ережелер мен нормативтерді сақтамау фактілері жиі кездеседі. Сондай-ақ, биыл адамдар көп жиналатын көліктегі нысандардағы (әуежай, вокзал, метрополитен) қауіпсіздік жағдайларына сараптама жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталды және оларды жою бойынша қажетті шаралар қабылданды. Хабарламада айтылғандай, Ә.Исекешев әсіресе жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша түскен шағымдарға ерекеше назар аударды. Осыған байланысты министр ұшулардың жиілігін арттыру, рейстердің кешіккені туралы жолаушыларды дер кезінде хабардар ету және жолаушыларға барлық жағдайларды жасау туралы заң талаптарын орындау бойынша әуекомпанияларымен жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, вокзалдар мен әуежайлардағы қызмет көрсетуді жақсарту, сонымен бірге шекара, кеден қызметтері мен әуежай қызметкерлерінің үйлесімді жұмыс істеуі басымдық болуы керек.

Қазіргі уақытта ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті рейстері кешіккен кезде жолаушыларды жатын орын және ыстық тамақпен қамтамасыз етпеген жауапсыз тасымалдаушыларға қатысты әкімшілік айыппұл салуда. Кеңес қорытындысы бойынша Хаттама қабылданды. Оған сәйкес, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетіне қазақстандық әуекомпаниялардың еуроаймақта ұшуына енгізілген шектеуді алып тастау бойынша жұмыстарды жалғастыру тапсырылды. 2015 жылы Еуропалық комиссия ЕО ұшулардың қауіпсіздік тізімін жаңартты. Онда «Эйр Астана» әуекомпаниясы ЕО елдеріне ұшуға тыйым салынған әуе компаниялары тізімінен алынып тасталды. ҚР ИДМ көлік комитетіне көлік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қорғаныс техникалық құралдарын және тексеру жабдықтарын орнату бойынша жұмыстарды өз бақылауына алу жүктелді.

Сонымен бірге, «ҚТЖ» ұлттық компаниясына теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті күшейту бойынша жұмыстарды тиісті деңгейде арттыру қажеттігі айтылды.

2016 жылы қаңтарда теміржол және автовокзалдардағы, сонымен бірге автокөлік ұйымдарындағы қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша жеке кеңес өткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар