А. Мамытбеков Нидерландыдағы «Food Valley Expo 2013» ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне қатысты
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биылғы жылдың 23-24 қазанында жұмыс сапарымен Нидерланды Корольдігінде болды, деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметінен.
Министр Арнем қаласында «Food Valley Expo 2013» ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне қатысты, «Groen Agro Control» ғылыми-зерттеу және кеңесшілік орталығының қызметімен танысып, беделді Вагенинген ғылыми-зерттеу университетінің нысандарымен қатар, Нидерландыдағы жаппай фермерлік шаруашылық жүргізу үлгісімен танысты.
Асылжан Сарыбайұлы Нидерландыда жетекші болып табылатын бизнес, ғылым және инновациялық салалар өзара тығыз байланысқан, азық-түлік өндіру мен биологиялық ғылымның ұштасуына толық мүмкіндікті қамтамасыз еткен «Food Valley» (Азық-түлік даласы) ауылшаруашылық кластерінің басшылығымен екіжақты келіссөздер өткізді.
Нидерландық компаниялардың озық тәжірибесін сараптау, қазақстандық ауыл шаруашылығы секторына ғылыми-техникалық технологияларды енгізу, сондай-ақ екі ел арасындағы ықпалдастықты одан әрі өрбіту мақсатында Министр «Solynta», «Nizo», «IXL», «TCEgoFour», «Newtricous», «Groen Agro Control» секілді бірқатар компаниялардың жетекшілерімен кездесулер өткізді.
Саладағы тәжірибие мен жоғары инвестициялық мүмкіншілігін және екіжақты ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін назарға ала отырып, голландтық тарап Қазақстанның ауыл шаруашылығы бағытындағы мүмкіндіктері мен ҚР Үкіметімен жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларымен кеңінен таныстырылды.
Екі ел арасындағы кәсіпкерлер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту мен мүмкіншіліктерді тәжірибе жүзінде талқылау мақсатында Қазақстан Елшілігімен дөңгелек үстел жиыны өткізілді. Оған «КазАгроФинанс» АҚ-ның басшылығы, Нидерландының мүдделі мемлекеттік органдарының және голландтық ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес өкілдері қатысты.
Сапар қорытындысы бойынша қазақстандық тарап ұсынған жобалар негізінде екі елдің бизнес құрылымдарының тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету мен бұл бағыттағы екіжақты ықпалдастықты тереңдету аясында уағдаластықтарға қол жеткізілді.