АӘК алатын отбасыларға жұмыс табуға да мүмкіндік беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда табысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетумен қатар, олардың жұмыспен қамтылуына да қолдау беріледі. Мұндай тәсіл азаматтарға қиын кезеңде қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, өз табысын табуына мүмкіндік беруге бағытталған.
Әлеуметтік қолдаудың негізгі шараларының бірі – атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Ол табысы төмен отбасылар мен азаматтарға олардың материалдық жағдайын ескере отырып тағайындалады. Осы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 38,7 мың отбасы АӘК алып отыр.
Алайда әлеуметтік көмек тек ақшалай төлеммен шектелмейді. Егер отбасында еңбек етуге қабілетті азаматтар болса, олардың жұмысқа орналасуына және табысын арттыруына мүмкіндік беретін шаралар да ұсынылады.
Азаматтың жағдайына қарай оған тұрақты немесе уақытша жұмыс, кәсіптік оқыту және қайта даярлау, біліктілігін арттыру, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ жеке ісін ашқысы келетін азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету қарастырылған.
Әлеуметтік көмектің мақсаты – адамды ұзақ уақыт бойы жәрдемақы алушы ретінде қалдыру емес. Негізгі міндет – отбасының қиын кезеңнен шығуына көмектесіп, мүмкіндігінше өз бетінше тұрақты табыс табуына жағдай жасау.
Бұл жұмыста Мансап орталықтарының рөлі маңызды. Олардың мамандары азаматқа лайықты жұмыс табуға, қандай мамандық бойынша оқудан өту қажет екенін анықтауға және жағдайына қарай жұмыспен қамтуға бағытталған басқа да қолдау шараларын таңдауға көмектеседі.
Кішкентай балалары бар отбасыларға да қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, АӘК алатын отбасыларға бір жастан алты жасқа дейінгі балалардың әрқайсысына ай сайын қосымша төлем беріледі. Бұл ретте отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатыса алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдау әр адам үшін нақты нәтижеге жеткізуі керек деген ұстанымда. Егер азаматтың еңбек етуге мүмкіндігі болса, оған қажетті көмекпен қатар сұранысқа ие мамандықты меңгеруге, өзіне лайықты жұмыс табуға және отбасының табысын арттыруға мүмкіндік берілуі маңызды.
Әлеуметтік көмек пен жұмыспен қамту шараларын қатар жүргізу арқылы екі маңызды міндет шешіледі. Біріншісі – қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті қолдау көрсету. Екіншісі – олардың алдағы уақытта өз табысын өзі қамтамасыз етіп, экономикалық тұрғыдан дербес болуына жағдай жасау.