Абай облысында дала өртіне байланысты тұтас бір ауылды көшіруге тура келді
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында Приречное ауылында күнбағыс қабығынан шыққан өрт жекеменшік секторға жайылған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, қою түтін мен екпінді жел салдарынан шаруашылық құрылыстары мен тұрғын үйдің шатыры өртенді.
- Жел секундына 25 метрге дейін күшейіп, бөлімшелердің жұмысын қиындатқан. Үйлер бүтін қалғанымен, кей жағдайда өрт қосалқы құрылыстарға жайылған. Түтіннің кесірінен көру мүмкіндігі өте шектеулі, - деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Әлімкин.
Оқиға орнында 100-ден астам адам мен 33 техника, соның ішінде авиация жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылардың мәліметінше, суды ағызатын құрылғысы бар ТЖМ тікұшағы жұмылдырылған.
Тұрғындар түтін аймағынан эвакуацияланып жатыр. Жергілікті тұрғын Динара Чингильбаеваның айтуынша, жалын оның үйін зақымдаған.
- Бәрі тез болды. Ауладағы түтінді көріп, өртеніп жатқанын түсіндім. Балалар үйде болды. Біз ең қажетті заттарды ғана алып үлгерген күйімізде жүгіріп шықтық. Үй, монша, ас үй бәрі өртеніп кетті, - деп баяндады ол.
Еске сала кетсек, Абай облысындағы өртке байланысты жедел штаб құрылды.
Келтірілген шығынның нақты сомасы өрт толығымен сөнгеннен кейін белгілі болады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Басқару орталығында жедел штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр. Азаматтардың хабарласуы үшін сенім телефоны ашылды: 8 (722) 35-38-36.