Абай облысында 31 жолаушысы бар автобус жолда қалған
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында полиция жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетті, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Омбы — Майқапшағай автожолында Астана — Зайсан бағытында қатынайтын Setra автобусы жолда бұзылып қалды. Автобус салонында 31 жолаушы, оның ішінде 4 кәмелетке толмаған бала болған. Жолаушылардың бір бөлігі жолай өткен көлікпен сапарын жалғастырды.
— Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері Н.Берлешов пен Н.Алиев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, эвакуация аяқталғанға дейін жолаушылардың жанында болып, жағдайды бақылауда ұстады. Осылайша 25 азамат Бесқарағай ауылына жеткізілді, — делінген хабарламада.
Полиция қыс мезгілінде жолда төтенше жағдай туындаған жағдайда «102» нөміріне хабарласуға шақырады.
Бұдан бұрын «ҚазАвтоЖол» жолдары қауіп тудыруы ықтимал өңірлерді атады.