Абай облысында бақылаусыз мал мәселесін шешуде дрондар тиімділігін көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында дрондар малдың бақылаусыз жайылуына байланысты жол-көлік оқиғаларын азайтуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ауылдық аймақтардағы жол қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі мәселелердің бірі — малдың бақылаусыз жайылуы. Қараусыз қалған жануарлар жиі жол-көлік оқиғаларына себеп болып, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне нақты қауіп төндіреді.
Абай облысында бұл мәселені шешу үшін заманауи технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Аудан әкімдіктерінің қолдауымен жергілікті полиция бөлімшелері патрульдік қызмет барысында аумақты тұрақты бақылауға және автожол маңында еркін жайылып жүрген малды жедел анықтауға мүмкіндік беретін дрондармен жабдықталды. Жоғары ажыратымдылықтағы камералары бар пилотсыз ұшу аппараттары малдың орналасқан орнын нақты уақыт режимінде көрсетіп, тез әрекет етуге жағдай жасайды.

Мысалы Жаңасемей ауданында жүргізілген профилактикалық рейдтер барысында 59 бас жылқы анықталып, арнайы тұраққа жеткізілді. Бақылаусыз жүрген мал — Семей — Өскемен және Омбы — Майқапшағай бағыттарындағы қозғалысы үлкен жолдарда жиі кездесетін қауіп көздерінің бірі. Дрондарды қолдану бұл тәуекелдерді айтарлықтай төмендетіп, өңірдегі жол қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
— Статистика да қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін растайды: биылғы жылдың басынан бері полиция қызметкерлері малдың бақылаусыз жайылуына қатысты 2 284 құқық бұзушылықты анықтаған. Арнайы айыптұрақтарға 9 729 бас мал қойылып, олардың иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру талаптарының бұзылуына қатысты 201 дерек тіркеліп, материалдар ветеринариялық инспекцияға жолданды, — делінген департамент таратқан ақпаратта.
Ведомство атап өткендей, заманауи технологияларды профилактикалық шаралармен ұштастыру полицияға оқыс оқиғалардың алдын алуға ғана емес, мал иелерінің жауапкершілік мәдениетін арттыруға да мүмкіндік береді. Осындай кешенді тәсіл Абай облысының жолдарын барлық қатысушылар үшін анағұрлым қауіпсіз етеді.
Бұған дейін полиция дрондары мыңдаған құқықбұзушылықты әшкерелегенін жазған едік.