Абай облысында қалдықтарды бақылаудың цифрлық жүйесі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында экологиялық бақылауды цифрландыруға бағытталған «Қалдықтар» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды.

Алматыда жылына 550 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар өңделеді
Фото: Алматы әкімдігі

Жоба Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы тапсырмасы мен «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Өңірде ұзақ уақыт бойы өзекті мәселелердің бірі – рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің көбеюі болған. Бұл жағдай қалдықтарды есепке алудың бірыңғай жүйесінің болмауы және бақылаудың жеткіліксіздігімен байланысты.

Осы мәселені жүйелі шешу үшін мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен уәкілетті мемлекеттік органдар мен «Семей Тазалық» ЖШС арасында төртжақты меморандумға қол қойылды.

Нәтижесінде мемлекеттік органдарды, операторларды және қадағалау органын біріктіретін «Қалдықтар» ақпараттық жүйесі әзірленіп, қолданысқа енгізілді.

Енді қоқысты жинау, тасымалдау және полигондарға жеткізу процестері, сондай-ақ қоқыс таситын көліктердің қозғалысы қашықтан бақыланады.

– Жүйеге жүргізілетін тұрақты мониторинг қоқыс үйінділерінің пайда болу себептерін дер кезінде анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Жоба аясында прокуратура тек қадағалау органы ретінде ғана емес, талдамалық жұмыстардың белсенді қатысушысы ретінде де әрекет етеді.

Мамандардың айтуынша, «Қалдықтар» жүйесін енгізу экологиялық бақылауды жаңа деңгейге көтеріп, қалдықтарды басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ауылдардағы қоқыс мәселесін шешу үшін жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылды.