Абай облысында отбасылық жанжалға байланысты 500-ден аса адам полиция есебінде тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында отбасылық қатынастар саласында тәртіп бұзған 500-ден астам азамат полиция есебіне алынған, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Отбасындағы зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығармау әдетке айналған – ІІМ
Фото: Kazinform

Абай облысында полиция қызметкерлері қоғамдағы тыныштықты сақтау және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі әрі нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері өңірде отбасылық тұрмыстық қатынастар саласы бойынша 506 адам полиция есебінде тұр. Оның ішінде:

  • 252 адамға қорғау нұсқамасы шығарылған,
  • 254 тұлғаға мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіленген.

Отбасылық құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін полиция қызметкерлері әрбір тіркелген жағдай бойынша жедел әрекет етеді, сондай-ақ құқықбұзушыларға қатысты заң аясында шешімдер қабылдайды, азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл шаралар тек әкімшілік шеңбермен шектелмей, әлеуметтік қызметтер мен басқа да мүдделі органдармен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылады.

Учаскелік полиция инспекторлары күнделікті халықпен байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, қауіпті деп танылған отбасылар арнайы бақылауға алынып, оларға арналған жеке профилактикалық шаралар ұйымдастырылады.

— Қорғау нұсқамасы — жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құқықтық құрал. Дегенмен, кейде азаматтар белгіленген талаптарды сақтамай, құқық бұзушылыққа қайта жол беруі мүмкін. Полицияның басты міндеті — тек құқық бұзушылықтарды тіркеу емес, оны алдын алу. Осы мақсатта: құқықтық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі, профилактикалық есепке алу жүйесі жұмыс істейді, тәуекел топтарымен жеке жұмыс ұйымдастырылады, азаматтардың өтініштері жедел қаралады, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Абай облысында 236 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылғанын жаздық.