Абай облысында 236 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының полицейлері түнгі уақытта жүрген 2174 жасөспірімді анықтады.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Абай облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр. Жыл басынан бері облыс полицейлері түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жүрген 2174 жасөспірімді анықтады. Балалардың ата-анасымен және асыраушыларымен полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кешкі уақытта жасөспірімнің тұрғын-жайдан тыс жалғыз кетуі аса қауіпті екенін ескертті. Сондай-ақ, 236 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Түн қоюланған сайын облыс көшелерінде полиция патрульдерінің бақылауы күшейеді. Себебі тәртіп сақшылары үшін әрбір жасөспірімнің қауіпсіздігі — басты міндеттердің бірі. Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарын, компьютерлік клубтарды, саябақтар мен адам көп шоғырланатын аумақтарды тексеріп, жасөспірімдердің заң талаптарын сақтауына ерекше назар аударып жатыр.
Абай облысының полициясы профилактиканы жазалаудан жоғары қояды. Өйткені тәртіп сақшыларының басты мақсаты — құқықбұзушылықты тіркеу емес, оның алдын алу. Осы бағытта ювеналды полиция қызметкерлері мектептермен және ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық беріп отыр.
— «Бала түнде көшеде емес, отбасының жанында болуы керек» — бұл полиция қызметкерлері ұстанатын басты қағидалардың бірі. Себебі бақылаусыз қалған жасөспірім түрлі құқықбұзушылықтың құрбанына айналуы мүмкін. Ал дер кезінде жүргізілген профилактика көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алады. Түнгі қала тыныш көрінгенімен, тәртіп сақшылары үшін жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Өйткені әрбір рейдтің артында — бір баланың қауіпсіздігі, бір отбасының тыныштығы, қоғамның ертеңіне деген жауапкершілік тұр, — дейді тәртіп сақшылары.
Бұған дейін Абай облысында қалта ұрлығы 11,8%-ға төмендегенін жазғанбыз.