Абай облысында ішімдік ішкен 28 баланың ата-анасы жауапқа тартылды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында полицейлер әртүрлі құқық бұзған жасаған 851 баланы анықтады. 

Абай облысында ішімдік ішкен 28 баланың ата-анасы жауапқа тартылды
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Өңір аумағында 1 қыркүйектен бері «Учаске» жедел-алдын алу шарасы өткізіліп келеді. Соның барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мен олардың заң бұзуының алдын алуға ерекше назар аударып отыр. 

— Әртүрлі құқық бұзушылықтар жасаған 851 кәмелетке толмаған анықталды. Оның ішінде 28-і алкоголь ішімдік ішсе, 5-еуі түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған, ал 773-і қоғамдық тәртіпті бұзған. Олардың ата-аналары заңға сәйкес жауапқа тартылды. Ал 45 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді, — деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінен.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған 1 276 тұрмысы нашар отбасыны тексерді. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті көмек көрсетілді.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада 1 000-нан астам бала түзету орталықтарында кезекте тұрғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар