Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл бағытты ел дамуының маңызды басымдығы ретінде айқындады.

Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің экономика, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Бұл міндеттер өңірлерде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Абай облысында телекоммуникациялық инфрақұрылым дамытылып, ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, қоғамдық қауіпсіздікке жасанды интеллект енгізіліп, цифрлық білім беру ортасы қалыптастырылуда.

Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен цифрландыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Онда елді мекендерді сапалы интернетпен қамту, автомобиль жолдары бойындағы байланыс инфрақұрылымын дамыту, Алакөл жағалауындағы мобильді байланысты жақсарту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.

Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысында 326 елді мекен бар. Оның 322-сі ауылдық елді мекен болса, бүгінде 260 ауыл сымды және мобильді интернетке қол жеткізген. «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім аясында облыстағы 178 ауылды талшықты-оптикалық және спутниктік байланыспен қамтамасыз ету жұмысы басталды. Жалпы ұзындығы 2 352,1 шақырым талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланған. Жыл соңына дейін 86 ауылды жаңа байланыс желісіне қосу көзделіп отыр.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 40 антенна-діңгек құрылымын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 36 жобалық-сметалық құжаттама бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Жиында Алакөл туристік аймағындағы мобильді байланыс пен интернет сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Жағалауға алғаш рет талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, 150-ден астам демалыс орны интернетке қосылды. Қосымша екі антенна-діңгек құрылымы салынып, байланыс операторларының базалық станциялары орнатылды. Қабанбай ауылында да жаңа байланыс нысандарының құрылысы жүргізілуде.

Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аудан және қала орталықтарында «Қауіпсіз қала» жедел басқару орталықтарын құру жұмысы басталды. Ерекше атап өтерлігі, биыл Алакөл жағалауында 224 интеллектуалды бейнекамера орнатылды. Соның нәтижесінде жағалауды Семейде отырып қадағалауға мүмкіндік туды.

Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Жергілікті мамандар әзірлеген, ЖИ технологияларымен жабдықталған камералар қоғамдық тәртіпті, адамдар көп жиналатын орындарды және қауіпсіз жүзу аймақтарын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Демалыс аймағында орнатылған интеллектуалды бейнебақылау жүйесі құқықбұзушылықтарды анықтап, жоғалған адамдар мен заттарды санаулы минутта табуға септігін тигізеді. Суық қару ұстау және басқа да күмәнді әрекеттерді автоматты түрде анықтайды. Биылғы демалыс маусымы басталғалы жаңа жүйенің көмегімен 100-ден астам бала ата-анасына табысталып, жоғалған ұялы телефондар мен сөмкелер иелеріне қайтарылған. Жасанды интеллект енгізілгелі ұрлық-қарлық, құқық бұзушылық бірнеше есеге азайған. Сонымен бірге жағалауда ЖИ негізіндегі ақылды дауыс зорайтқыштар жүйесі іске қосылды.

Абай облысында цифрландыру және байланыс инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Цифрлық білім беру бағытында Семейдегі Оқушылар сарайында «Tomorrow School» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған «TUMO» халықаралық білім беру орталығын ашу мәселесі пысықталып жатыр. Жоба аясында оқушылар жасанды интеллект, бағдарламалау, анимация, графикалық дизайн, 3D-модельдеу, робототехника және цифрлық шығармашылық бағыттарын меңгереді.

Аймақ басшысы цифрлық инфрақұрылымды дамыту өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Бұл шешім еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллектті кең көлемде енгізу мақсатында қабылданды. Біздің облыста бұл бағытта бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Абай облысының байланыс және интернет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп ойлаймыз, — деді Берік Уәли.