Абай облысында жол апатынан қаза тапқандар арасында Азия чемпионы бар
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында үш студенттің өмірін қиған жол апатына қатысты жаңа дерек белгілі болды.
Жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандардың бірі - Қазақстан құрамасы атынан аралас жекпе-жек бойынша өнер көрсеткен 19 жастағы Нұрмағамбет Тұрарбеков екені анықталды. Ол командаластарымен бірге Астанада өткен Азия чемпионатынан Семейге келе жатқан.
Alikhan Bokeikhan University мәліметінше, студенттер ресми шақыру хат негізінде чемпионатқа қатысуға жіберілген.
- Азия чемпионатына қатысу туралы ресми хат келгеннен кейін студенттерді сабақтан босатып, жарысқа қатысуына рұқсат бердік. Өкінішке қарай, жарыстан кейін осындай қайғылы оқиға болды. Олар спортқа ынталы, оқу мен спортты қатар алып жүрген жастар еді, - деді университеттің проректоры Азамат Азатов.
Еске салсақ, Абай облысындағы тасжолда жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, 3 адам көз жұмды.