Абай облысының полицейлері 100-ден астам көліктен тұратын автотізбекке жол көрсетті

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында үш күннен бері ауа райы қолайсыздық тудырып тұр. Республикалық жолдардың жекелеген учаскелерінде көліктердің қозғалысына шектеу қойылып, кейбір жолдар толық жабылған.

Абай облысының полицейлері 100-ден астам көліктен тұратын автотізбекке жол көрсетті
Фото: Абай облыстық ПД

Ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілер жолда біраз тұрып қалды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері көліктер колонналарын ұйымдастырып, жолдың қауіпті учаскелері арқылы алып жүрді. 

Абай облысының полицейлері 100-ден астам көліктен тұратын автотізбекке жол көрсетті
Фото: Абай облыстық ПД

Осылайша, «Қалбатау» өткізу бекетінде Көкпекті бағытында 100-ден астам көліктен тұратын автоколонна жасақталды. Арнайы техникалар мен полицияның патрульдік көлігі алға шығып, жолаушылардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті.

Полицейлер қозғалысты бастамас бұрын жүргізушілерге нұсқаулықтар таратты.

— Жүргізушілерге ескерту жасалды. Басып озуға тыйым салынып, жол қозғалысы қатаң бақылауға алынды. Алдымен жеңіл көліктер келді, сосын жолаушылар автобусы, соңынан жүк көліктері ілесті, — деді патруль қызметкері.

Полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен жүргізушілер аймақтағы ең қауіпті жол учаскелерінің бірі Байбура асуынан аман-есен өтті. Колонна Көкпектіге аман-есен жетті.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, сапар барысында барлық қауіпсіздік талаптары сақталды. Полиция қызметкерлері нұсқауларды орындау қолайсыз ауа райы жағдайында міндетті қауіпсіздік шарасы екенін баса айтты. 

Бұған дейін Павлодарда көктайғаққа байланысты екі бірдей республикалық жол жабылғанын жаздық