Абай театрында жаңартылған интерактивті музей ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Балерина бейнеленген сирек картина Абай театрының музейіне берілді.
12 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-театр маусымының шымылдығын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясының желісі бойынша қойылған «АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасымен ашты.
Премьера алдында Абай атындағы театрдың жаңартылған интерактивті музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Музейдің жаңа форматында театр тарихы мен оның көрнекті тұлғалары туралы ақпарат интерактивті шешімдер арқылы ұсынылып, келушілерге театрдың шығармашылық мұрасымен заманауи форматта танысуға мүмкіндік берілді.
Ашылу рәсіміне театрдың серіктестері мен меценаттары, сондай-ақ театр тарихында өзіндік орны бар Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Ахмет Жұбанов және Дәурен Әбировтің туыстары қатысты.
Музейдің қорына Қазақстандағы театр-суретшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Иванович Колоденконың сирек кездесетін картинасы да қосылды. Балерина бейнеленген туындыны театр хор ұжымының амбассадоры Зауре Розмат пен оның анасы Разия Жанабаевна Есенбаева музейге сыйға тартты.
Владимир Колоденконың шығармашылығы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының тарихымен тығыз байланысты. Енді бірегей туынды музей қорынан лайықты орын алып, театрдың бай тарихы мен ұрпақтар сабақтастығын айғақтайтын құнды жәдігерлердің қатарын толықтырды.
Бұған дейін Kazinform тілшісі Өскемендегі ескі техникалар қойылған ретро-музейден фоторепортаж ұсынды.