«Абай» трагедиясы мен операсының сахналық жолы

АСТАНА. KAZINFORM – Абайдың көркем бейнесін жасауда сахна өнері, оның ішінде драма және опера театры сахнаға шығарған спектакльдердің орны бөлек. Абайдың өшпес бейнесін танып білуде ұлы ақынның театр сахнасы арқылы көрерменмен қауышуының маңызы зор болды.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

ХХ ғасырдың 30-40 жылдары қолға алынып, М.Әуезов шығармашылығының маңызды бағыты болған Абайдай ғұламаның тақырыбы, қайталанбас келбеті оқырмандарынан бұрын сахнада сомдалған бейнесі арқылы халқының жүрегінен орын алды. Осы драма, опера сахнасындағы «Абай» трагедиясының тарихы, драма және музыкалық театрдағы сомдалған Абай образдары, сахналық жолына тоқталмақпыз.

Абайдың алғаш рет сахналануы

Абайды сахналаған тұңғыш қазақтың кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов: «Театр коллективі талай-талай пьесаны сахнаға шығарды ғой, бірақ «Абайды» даярлағанда ерекше творчестволық ықыласпен жұмыс істеді. Оның, әрине, басты себебі – Абай бейнесінің ең тұңғыш рет сахнаға шығуы және республикамыздың 20 жылдығына арналуында. Бәрінен де басты себеп – пьесаның жазушының тебіренген жүрегінен шыққандығында еді. Бүкіл коллектив актерлік сезіммен емес, адамшылық сезіммен сезініп, іштей асқан жинақылықпен, ұқыптылықпен іске кірісті», - дейді.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Л.Соболевпен шығармашылық бірлестікте жазылған «Абай» трагедиясына 1940 жылдың 18 қазанда Қазақ репертуарлық комитеті тарапынан бірнеше ескертпе мен толықтыру жасалғаннан кейін театр сахнасына қоюға болады деген қаулы қабылданды.

«Абай» трагедиясын сахнаға қою дәл осы кезде Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы Театр өнері институтын бітірген жас режиссер А.Тоқпановтың еншісіне тиіп, ол қолда бар мүмкіндікті пайдаланды. «Абай» трагедиясының суретшілері Э.Чарномский мен С.Қожықов, композиторы А.Жұбанов болды. Спектакльді сахнаға алты ай бойы дайындаған. Режиссер пьеса авторымен жақын араласып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына, пьесадағы жекелеген кейіпкерлердің дамуына, спектакльдің сахналық желісі мен шешімдеріне жол іздейді. Тарихи полотноны көркемдік жоғары деңгейде шығару үшін театрдағы актерлер құрамының ішінен Абай бейнесін сомдауға тәжірибелі актер Қалибек Қуанышбаевты таңдайды.

Қалибек Қуанышбаев
Фото: "Абай әндері" фильмінен кадр

Қ.Қуанышбаев – Абай рөлін сомдау кезінде ғұламаның образына режиссермен екеулеп жүріп кілт іздейді. Кездескен қиындықтарға қарамастан абыроймен орындауға барын салады. Белгілі режиссер Маман Байсеркенов «Абай» трагедиясын қоюшы жас режиссер А.Тоқпановтың еңбегі жайлы «Ауыздығымен алысқан асау адам» атты естелігінде: «...ұлы Абайдың трагедияға толы ақындық алып тұлғасын сахнада тірілтіп, көркемөнер арқылы ұрпақтарына тарту еткен Қалибектің актерлік әруағы алдында Асекең парыздар десек, Абайдың кесек тұлғасын сомдауға мол үлес қосқан Асекеңе, Қаллеки де парыздар. Екеуіне қалың елі, қазағы парыздар» - дейді.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

«Абай» трагедиясы қазақ драма театры сахнасына алғаш шыққаннан бастап, еліміздің мәдени өмірін дүр сілкіндірген театр ұжымының кезеңдік қойылымы деп танылды. Белгілі актер Қ.Қуанышбаевтың сахнада сомдаған Абайын қалың көрермені бір ауыздан ерекше ықыласпен қабылдады. «...Қуанышбаев Абай роліне енгенде жұртшылық тірі Абайды көргендей әсер алды. Қуанышбаевтың ұлы ақынның ролін ғажап шығарғаны сонша, ол өмір бойы тек қана осы рөлді орындап келе жатқан тәрізді боп көрінетін еді»,- дейді театр тарихнамасы.

Белгілі қаламгер Ғабит Мүсірепов спектакль тұсаукесерінен кейін жазған «Абай» атты сыни мақаласында алған әсерлерімен бөлісіп, театрдың кезекті де жауапты шығармашылық жұмысына, режиссері мен актерлерінің ойынына жоғары баға береді.

Ол: «Театр «Абайдың» стилін дұрыс тапқан. Әсіресе, жас режиссеріміз Асқар Тоқпановқа қатты риза болуымыз керек. Алыста қалған өмірдің тек сыртын ғана емес, сырын да ашу үшін барын аямағандығы айқын-ақ. Сахнаға шығарған басты герейлары бірі арғы замандікі, бірі бергі замандікіне ұқсап тұрған жоқ, бір өмірдің, бір кезеңнің адамдары сияқты, шүбә туғызбайды. Кейде сөз жазушынікі, декорация мен киім суретшінікі, образ әрбір артистікі болып тұратыны бар ғой. «Абайды» қойған Асқар бұған ұшыраған жоқ. Сөз бен киім образдікі, образ пьесанікі, постановка Асқардікі», - дейді.

Абайды сомдаушы актердің ойыны жайлы Ғабең: «Алдымен көңілге қатты қонатын Абай образы. Абай ролін ойнайтын Қалыбек сахнаға шыға келгенде-ақ күтіп отырған Абайды көргендей боласың... Алдыңда сыртымен де, ішімен де толық жасалған Абай тұрады. Абайды бірден сүйесің, көңілің бірден орнығады, манадан бері ойыңда тұрған бір сұрау алынып қалады. Ойынның аяғына дейін «әттеген ай» келмейді ойыңа. Абайға лайық қозғалыс, сөз толқынын бұзбай, артық артық акцент жасамай сөйлеу ойын көрушіге әрбір аз құбылысын жеткізу Қалыбектен жақсы табылған. Қарапайым қалыпқа түсіп қалмай, образ тұлғасын бұзбай шығарады», - дейді.

Спектакль тұсаукесері туралы кезінде өзге де көптеген рецензиялар, зерттеулер ішінде толымды жазылып, салмақты талдау жасалған Ғ.Мүсірепов мақаласының орны бөлек.

«Абай жолының» сахналық нұсқасы

Осы трагедиямен ұлы Абайдың өміріне арналған спектакльдер қазақ драма театрларының сахнасына жиі шыға бастады. Облыстық театрлар сахнасында жалғасқан тарихи тұлға жайлы қойылымдар қазақ театрларының кезеңдік қойылымдары болып театр тарихында, қалғаны мерзімді баспасөз беттерінде жақсы жазылды. Бас театрдың сахнасы Абай тақырыбына 1949 жылдың 28 желтоқсанында қайта оралды. Бұл жолы сахнаға арнайы жазылған «Абай» трагедиясы емес, баспадан екі кітап болып шығып, Бүкілодақтық кеңістікте қызу талқыланған, сол кеңестік дәуірдің ең жоғары марапаты – бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа лайықты саналған иегері атанған «Абай жолы» романының сахналық нұсқасы қойылды.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Инсценировка авторы талантты актер әрі театр және кино саласындағы режиссурада көрініп жүрген Ш.Айманов пен Я.Штейн, суретшісі В.Голубович болатын. Сахнада автор атынан екі жүргізуші - Ш.Айманов пен Х.Бөкеева оқиға желісіне түсінік беріп, ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып спектакльді жүргізді. Көрермен қойылым барысында жас алшақтығы бар екі Абаймен қауышты. «Абай» трагедиясында Абай өмірінің соңғы кезеңі сөз болса, бұл жолғы спектакль Абай әлемін, оның роман-эпопеяда жүріп өткен жолындағы елеулі кезеңдерді қамтып, ғұламаны толық танудағы театрдың кезекті қадамы болды.

«Мәмбетов дәуірі»

Үшінші рет «Абай» бейнесін еліміздің Бас театры сахнасына 1962 жылы қойылды. «Абай жолы» роман-эпопеясын жазып бітірген қаламгер 1959 жылы өзінің «Абай» трагедиясына қайта оралып, пьесаға жекеленген өзгерістер мен толықтырулармен жаңа редакциясын жасаған. Автор өзінің «Абай» трагедиясының соңғы нұсқасын сахнадан көре алған жоқ. Бас театр сахнасында тұсауы кесілген бұл қойылым ұлы қаламгердің рухына тағзым еткен ерекше спектакльге айналды. Бұл кез – қазақ театр өнерінің дамуындағы жаңа серпін, тың белестің басы. Драма театрына жас Әзірбайжан Мәмбетовтің келуі ұлт театрының жаңа беттерін парақтауға дайындығын көрсетті. Келесі бірнеше онжылдыққа жалғасқан қазақ театрындағы «Мәмбетов дәуірінің» басы осындай атышулы қойылыммен бастау алды.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Қазақ театрының бұл жолғы Абайы жаңа режиссерлік қолтаңбамен алдыңғы қойылымдардан бояуы өзгеше реңкке енді. Ұлт сахнасындағы жаңа леп, соны режиссерлік ізденістер бірінен-бірі озған талантты актерлердің өзіндік ерекшеліктерімен ұштасып, Кеңес одағы кеңістігіндегі театр мамандары тарапынан талқыға түсті. Орталық Азия республикасында театрдың көшін бастаған жаңа мәдени-рухани ортаның пайда болғандығы, спектакльдерімен өзіндік айтары бар құбылысқа айналғаны сөз болды. Режиссер Ә.Мәмбетов халық пен Абай арасындағы тұтастықты ту етіп, спектакль барысында көрермен залы мен сахна арасындағы кедергіні үзіп, біртұтас кеңістікке айналдырды.

«Абай» операсы

М.Әуезов «Абай» трагедиясының драма театры сахнасындағы тұсакесерінің қызуы басылмай жатып, Абайдың келбетін опера сахнасының төрінен көруді ойластырған. Оған бірнеше жылдан кейін болатын ұлы Абайдың ғасыр тойына деген дайындықтың шеті көрінгендігі себеп болған. Соғыс жүріп, Алматыға қоныс аударған көптеген өнер ұжымы, Кеңес одағының танымал өнерпаздары мен белгілі өнер майталмандары эвакуациямен келіп, тұрмыстық қиын жағдайға қарамастан «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деп жанкешті еңбектеніп жатқан кезі. Одаққа белгілі өнер мен мәдениеттің танымал тұлғаларымен қоян-қолтық еңбек еткен қазақ өнер қайраткерлері үшін бұл ерекше шығармашылық жоспарларға толы кез болды. Абайдың музыкалық театр сахнасындағы көркемдік келбетін жасайтын уақыт сәті көп ұзамай келеді. Халқымыздың тұңғыш кәсіби композиторлары Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің шығармашылық ынтымақтастығында жазылған бұл опера ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойына орай Қазақ академиялық опера және балет театрының сахнасында 1944 жылы 24 желтоқсанда қойылды. Операның либреттосына негіз болған драматургиялық желісі мен басты кейіпкер – ұлы Абайдың партиясы да әдепкі нұсқа – трагедия негізінде жазылды.

«Абай» операсы
Фото: Александр Павский / Kazinform

М.Әуезов опера либреттосына драма театр сахнасында қойылған өзінің трагедиясын негізге алды және музыкалық театрдың жанр ерекшеліктерін ескерді. Драматургиялық даму желісі ширақ, өте жинақы жазылған М.Әуезов либреттосы композиторларға жұмыс істеу барысында үлкен көмек болды. Сахналық қойылу жолы, тарихы, орындаушылық дәстүрі, сценографиясы және басқа да компоненттері толығымен қарастырылып жазылған бұл шығарма ұлттық өнеріміздің алтын қорындағы қымбат классикалық мәдени мұрамыздың бірегейі. Театрда алғаш қойылғаннан бастап сахнадан түспей келе жатқан бұл шығарманың көркемдік құндылығы ұрпақ үшін орасан зор. Абай Құнанбайұлының 100 жылдығын тойлау салтанаты қарсаңында қойылғаннан кейін, неше онжылдық өтсе де «Абай» операсы аталған театр репертуарының көркі болып келеді. М.Әуезовтің драма театр сахнасына арналған трагедиясының сахнадағы екінші, ұзақ ғұмыры опера жанрының негізі - музыкалық драматургия арқылы қайта түледі. «Абай» операсы - қазақ халқының маңдайына біткен терең ойшыл философ, жазба әдебиеттің негізін қалаған тамаша ақын, Шығыс пен Батыс мәдениетінің арасында қазақтың төл әдеби бағыт-бағдарын музыка арқылы айшықтаған қымбат тұлға Абайдың өмірі мен шығармашылығын, жүрек тынысы мен арман-қиялының самғау белестерін айқындайтын ерекше туынды.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Сахнаға сәтімен шыққан трагедиядан кейін қай сахнада болмасын Абай қайталанбас тұлға бола алатынын түсінген композиторлар жұмысына ғұлама ақынның күрделі һәм өнегелі өмірбаяны, шығарған әндері көп көмек жасады. М.Әуезовтің композиторларға берген ақыл кеңесі, Абай әндерін қай жерде қолдану туралы ұсыныстары орынды қолданылған. Мұхтардың кеңесін тыңдап, Абай әндерін операда творчестволық түрде орынды пайдалана алған А.Жұбанов пен Л.Хамиди Абай тақырыбына жетік, шығармашылығын етене жақын білетін.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform
Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Опера театрының ұжымы «Абай» операсының қойылымын өз деңгейінде жасауға ерекше құлшыныспен кірісті. Операның режиссері Қ.Жандарбеков, суретшісі Қ.Ходжиков, дирижері Л.Шаргородский, балетмейстер Ю.Ковалев болды. Театр қолда бар барлық шығармашылық ресурсты пайдалана отырып, заманына сай елеулі сахналық қойылым арқылы қазақ өнері мен мәдениетінің барша талантты ұл-қыздарының бастарын біріктірді. Театр Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», «Ер-Тарғын», т.б. операларынан кейін ұлттық композиторларымыздың өзіндік соны туындысын дүниеге алып келді және сахнада қойылуында ерекше жетістіктерге жетті. «Абай» операсы кезінде Мәскеу көркем театрының сахнасында қойылған А.Чеховтың «Шағаласы» секілді тұтастай қазақ халқының қара шаңырағы болған Қазақ опера және балет театрының бойтұмар спектакліне айналды.

Операның орталық тұлғасы – Абай партиясын орындау театрдың Р.Абдуллин, Қ.Байсейітов, Е.Серкебаев, М.Мұсабаев секілді аға буын талантты әншілерінен бастап Ғ.Есімов, Б.Сқақов, Ш.Әбілов, Т.Күзембаев, Ж.Шыбықбай секілді бүгінгі өнерпаздардың еншісіне бұйырды. Әрине, барлық әншнің айтатын партиясы автордың жазып кеткен бір образы болса да, олар өздерінің бойындағы ән-орындаушылық қызуқанды темпераментімен, әуезді дауыстық бояу-тембрімен әралуан күшке, самғау қасиетіне ие ерекшеліктеріне салып, Абайдың қайталанбас бейнесін жасады. Ақын мерейтойымен бірге оның тартыс пен драматизмге толы өмір жолының бір кезеңін суреттейтін «Абай» операсы жазылып, театр сахнасының түспей үзіліссіз жүріп келеді. Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының атын ұлы тұлға Абай есімімен аталуы да осы операның сахнаға шығуымен тұспа тұс келеді. Тұсауы кесілгелі бері театр маусымын жыл сайын осы операмен бастау, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арқау болған туындымен сахна сазын салу бұлжымас дәстүрге айналды.

Абай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Абайдың жеке өмірі, шығармашылығы мен оны тұлға ретінде айшықтауға арналған өзге авторлардың көркем туындылары ұлттық рухты оятатын, қоғамды бірігу мен бірлікке бастайтын зор қозғаушы күшке ие. Жас, тәуелсіз мемлекетімізді құрушы ұрпаққа жол көрсетер компасы секілді бағыт-бағдарын айқындап алуға Абайдың алып тұлғасы мол мүмкіндік береді. Сол себепті Абай шығармашылығын, оның ғұмырнамалық, мәдени-рухани мұраларын қандай формада, сан-алуан үлгіде болмасын насихатталуына ерекше мән бергеніміз жөн.

ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, театртанушы Аманкелді Мұқан

 

P.S. Қазіргі күнгі "Абай" операсы мен спектаклінен суреттер пайдаланылды 

Соңғы жаңалықтар