Абайдың 180 жылдығы: Семейде республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысында ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы мен «Жеті қазына» республикалық фестивалі өтіп жатыр.

Семейде республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Бүгін хакім мерейтойына арналған 10 күндіктің сегізінші күні. Kazinform тілшісі өңірге арнайылап іссапарға келді.

Таңертеңнен семейліктер Абай атындағы театрға қарай ағылды. Себебі мұнда Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылған. Халық расыменде сөз бұйдасын ұстаған саңлақтардың өнерін сағынып, айтысқа сусап қалыпты. Театр ішінде ине шаншар орын жоқ.

Айтысқа елдің әр өңірінен келген 12 айтыскер ақын қатысып жатыр. Атап айтқанда, Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды 6 «Алтын домбыра» иегері мен Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов. Айтыс жүргізушісі – белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев.

Қазылар алқасының төрағасы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман. Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов, ақын Төлеген Жанғалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Қалиев, Қалқаман Сарин, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ринат Зайытов, Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Абай облысы филиалының төрағасы Дәулет Сметов айтысқа қазылық етуде.

Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Семейде республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

- Абай қазақ ренессансының, яғни, қайта өрлеуінің басында тұрған жан. Сол ренессанстың шарықтау шегі – алаш қайраткерлері. Абай елі, Семей жері – тұңғыштар мекені. Қазақ даласындағы тұңғыш театр, тұңғыш баспа, тұңғыш футбол клубы, тұңғыш телеграф, тұңғыш банк, тұңғыш цирк Семей жерінде дүниеге келді. Қазақтың тұңғыш кәсіби әншісі Әміре Қашаубаев Семей топырағынан түлеген. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абайды да тұңғыш деуге толық қақымыз бар. Сондықтан тұңғыштар жеріне қош келдіңіздер. Бұл жолғы айтыс бұрынғы айтыстардан өзгерек. Олай дейтініміз, мықты ақындардың барлығы ортамыздан табылып отыр. Алдарыңызда тұрған 12 ақынның алтауы «Алтын домбыра» иегері. «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев те ортамызда. Мұндай айтыс Семей жерінде көптен бері өткен жоқ. Бүгінгі сөз додасында ақындар елді бірлікке шақырып, салмақты, салиқалы сөз айтады деп сенеміз. Абай тойы құтты болсын!» деді аймақ басшысы.

Айтыс барысында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталып, өңірдің бірнеше ақыны айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшелігіне қабылданды.

Сөз додасына түскен алғашқы 2 ақынның бірі Мұхтар Ниязов семейліктердің өнерді жоғары бағалайтынына тәнті болғанын жеткізді.

- Бүгінгі айтысым халыққа ұнаса қуаныштымын. Бірақ өзіме еш уақытта көңілім толмайды. Шығармашылықтағы адам еш уақытта тоқмейілсімеуі керек. Ал Абай атамыз мұхит қой. Мұхиттің қай жағынан кеме салсаң да өзіңді жоғалтып алуың мүмкін. Сондықтан Абай - үлкен тақырып. Хакім бізге мұқтаж емес. Біз ел ретінде оған мұқтажбыз. Айтыста шамамыз, ақылымыз жеткенше Абай атамыздың өмір жолын, абайтанушылардың еленбей жатқан еңбегін айтуға тырыстық, - дейді ол.

Қала тұрғындары мен қонақтары айтысты емін-еркін тамашалауы үшін Абай театрының алдына лед-экран да қойылған.

Бұдан бөлек, бүгін Абай ауданы Қарауыл ауылында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Жеті қазына» республикалық фестивалі басталды. Фестиваль аясында Ер жігіт, Сұлу әйел, Ілім-білім, Қыран бүркіт, Жүйрік ат, Құмай тазы, Берен мылтық сайыстары ұйымдастырылады.

Байқаудың басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді, қазақи болмысты, рухани мұра мен зияткерлік байлықты жаңғырту және жас ұрпаққа үлгі ету. Фестивальге Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана, Алматы қалаларынан және Абай облысының 10 ауданынан өкілдер қатысады.

Еске салсақ, осыған дейін «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталы ашылғаны жайлы жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар