Абайтанудағы тағдырлы тұлға: Қайым Мұқамедхановтың туғанына 110 жыл

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін көрнекті ғалым, жазушы, ақын, абайтанушы, қоғам қайраткері Қайым Мұқамедхановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Қазақ руханиятының күрделі кезеңдерінде ғылыми адалдықтан айнымай, Абай мұрасын, Алаш арыстарының еңбегін қорғап, кейінгі ұрпаққа аман жеткізу жолында өлшеусіз еңбек еткен тұлғаның мұрасы қазіргі ғылыми ортада кеңінен бағаланады.

а
Фото: kaum100.semeylib.kz

Абай әлемін тұтас қарастырған ғалым

Абайтанушы, философия докторы, қауымдастырылған профессор Арай Жүндібаеваның айтуынша, Қайым Мұқамедхановтың ғылыми қызметі абайтану мен шәкәрімтану салаларының қалыптасуымен тығыз байланысты.

Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын жүйелі түрде зерттеп, абайтану ғылымының іргетасын бекіткен Қайым Мұқамедхановтың еңбектері — тұтас бір ғылыми мектептің негізі.

— Абайдың бейнесі, шыққан ортасы, әулеті, шығармаларының жазылу тарихы, хатқа түсуі мен жинақ болып жарық көруі — мұның бәрін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Осыны алғаш ғылыми тұрғыда тұтас қамтыған тұлға — Қайым Мұқамедханов, — дейді Арай Жүндібаева.

Оның ғылыми мұрасындағы ең құнды бағыттардың бірі — Абайдың ақындық айналасы мен шәкірттері туралы деректер. Бүгінге дейін жеткен көптеген мәлімет ғалымның табанды ізденісінің нәтижесінде сақталған.

Сондай-ақ Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу барысында тарихи деректердің дәлдігіне айрықша мән бергені белгілі. Сол кезде белгілі және беймәлім жайттарды нақтылау үшін Әуезов Мұқамедхановқа жүгініп, деректерді тексертіп отырған.

памятник
Фото: Ақорда

Алаш арыстарын ақтаудағы тарихи миссия

Қайым Мұқамедхановтың азаматтық болмысы оның балалық шағынан-ақ қалыптасты. Ол әкесінің шаңырағында Алаш қайраткерлерінің көзін көріп, тікелей тәлім алған.

— Қайым Мұқамедханов Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт зиялыларының көзін көріп өсті. Ахмет Байтұрсынұлының ғалымның әкесінің үйінде қонақта болуы — осы рухани сабақтастықтың айқын дәлелі, — дейді Арай Жүндібаева.

Ер жеткен шағында да ол әкесінің берген адал тәрбиесінен таймай, Алаш арыстарының есімін ақтау, мұрасын халқына қайтару жолында күресті.

а
Фото: abaioblarhiv.kz

Шәкәрім мұрасын қайта тірілткен ғалым

Қайым Мұқамедханов шәкәрімтану ғылымының қалыптасуына да айрықша үлес қосты. Ол Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін, шығармаларын халқына қайтаруға тікелей атсалысты.

— 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласында Шәкәрімнің ұлтына қарсы болмағанын, саяси науқандардан тыс, бірегей ойшыл тұлға екенін әдеби әрі ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Сонымен бірге Шәкәрім шығармаларының толық, бұрмаланбай жарық көруіне себепкер болды, — дейді абайтанушы.

Арай Жүндібаеваның айтуынша, Қайым Мұқамедхановтың көп айтыла бермейтін, бірақ аса маңызды қыры — текстология саласындағы еңбегі. Ол абайтану мен шәкәрімтанудағы алғашқы текстологтардың бірі болды. Шығармалардың түпнұсқалық қалпын сақтап, өзгеріссіз жетуіне еңбек сіңірді.

Абай мұрасын зерттеудегі кешенді әдіс

Ғалымның абайтанудағы басты жаңалығы — кешенді зерттеу әдісін енгізуі. Ол Абай мұрасын тек поэзия немесе философия тұрғысынан ғана емес, тұтас тарихи-мәдени құбылыс ретінде қарастырды.

— Абайдың шыққан тегі, әулеті, қорымы, шығармаларының текстологиясы, хатқа түсуі, алғашқы басылымдары, сол кездегі оқырман пікірі — осының бәрін бір арнаға тоғыстырып зерттеу әдісін әкелді. Бұл кейінгі ғалымдарға даңғыл жол ашты, — дейді Арай Жүндібаева.

а
Фото: abaioblarhiv.kz

Сонымен қатар Қайым Мұқамедханов Абайдың тұрмыста қолданған бұйымдарын зерттеп, олардың музей қорына енуіне ықпал етті. Бұл абайтанудағы материалдық мұраға деген жаңа көзқарастың қалыптасуына жол ашты.

Ғалымның еңбегі мұнымен шектелмейді. Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов негізін қалаған «Абай» журналы ұзақ үзілістен кейін қайта жарық көре бастағанда, Қайым Мұқамедханов ғылыми бағыт-бағдар беріп, өз мақалаларын ұсынды.

Осылайша Қайым Мұқамедханов ғылымда ғана емес, ұлттық сананың қалыптасуында да өшпес із қалдырды. Оның өмірі мен еңбегі — ғылымға адалдықтың, рухани беріктіктің және ұлтқа қызмет етудің айқын үлгісі.

Соңғы жаңалықтар