Әбиба Әбужақынова Grand Slam турнирінде жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өтіп жатқан «Grand Slam» турнирінде қазақстандық Әбиба Әбужақынова (48 келі) жартылай финалға жетті.

2022, 2024 жылдары әлем чемпионатының қола жүлдегері Париж Jлимпиадасынан кейін алғаш рет сайысқа қатысуға мүмкіндік алды.
Әбиба Душанбедегі турнирде бірден ширек финалда сынға түсті. Алғашқы іріктеу кезеңінде оған қарсылас атанған тәжікстандық cпортшы Райхонай Розикзода белдесуден бас тартқан еді.
Отандасымыз ширек финалда жапониялық Вакано Инагакиді соңғы секундта жеңіп кетті. Енді ол финал жолдамасын қытайлық Вэн Чжуанмен сарапқа салады.
Бұл жарыста ерлер құрамасында бапкерлер негізінен жастарға сенім артып отыр. Олардың қатарында Алдияр Қарғұлов (60 келі), Нұрмұхамет Ботабай (66 келі), Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Ықылас Әлсейіт (73 келі), Досхан Жолжақынов (81 келі), Ермұхан Естай (100 келі), Мұхаммедәли Мавлидов (100 келі) бар.
Еске салсақ, жақында Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт қола медаль алды.
Ел құрамасынан Ғалия Тынбаева (48 келі), Шерзод Давлатов (60 келі) және Бақыт Құсақбаева (57 келі), Максим Мейірлан (90 келі) үздік үштіктен көрінді.