Абу-Дабиде Украина бойынша екі күндік консультациялар аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM — Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты консультациялардың екінші күні тараптардың ресми мәлімдемелерінсіз аяқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Reuters агенттігіне сілтеме жасаған дереккөздердің хабарлауынша, келіссөздер сенбі күні қайта жалғасып, түрлі форматта өткен. Ресейдің ТАСС агенттігі кездесулер бірнеше сағатқа созылғанын нақтылағанымен, талқылаулардың мазмұны ашық жарияланбады.
РИА Новости мен Украинаның қоғамдық Suspilne таратушысын қоса алғанда, ресейлік және украиналық БАҚ мәліметінше, келіссөздердің екінші раунды шамамен үш сағатқа созылған. Оның қорытындысы бойынша тараптардың ешқайсысы ресми коммюнике жасаған жоқ.
Украина делегациясының басшысы Рустем Умеровтың баспасөз хатшысы Диана Давитян сенбі күні консультациялардың екінші раундының аяқталғанын растады. Бұған дейін ресейлік ресми ақпарат агенттіктері Ресей делегациясының қонақүйге оралғанын, ал америкалық тараптың Абу-Дабиден кеткенін хабарлаған болатын.
Рустем Умеров бұған дейін талқылаулар қақтығысты аяқтау параметрлеріне және келіссөз үдерісінің алдағы логикасына бағытталғанын айтқан. Украина президенті Владимир Зеленский консультациялардың барысына пікір білдіре отырып, аумақтық мәселе негізгі тақырып болып қала беретінін атап өтті және қақтығысты аяқтауға тараптардың өзара дайын болуы қажет екенін айтты.
Өз кезегінде, Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі Ресей мен Украина делегацияларының тікелей кездесуі тыныш әрі өзара түсіністікке негізделген жағдайда өткенін хабарлады. Ал Reuters агенттігінің мәліметінше, келіссөздер барысында АҚШ бұған дейін ұсынған бейбіт жоспардың жекелеген тұстары талқыланған.
Мәскеуде де диалогты жалғастыруға дайын екені мәлімделді. ТАСС агенттігіне сілтеме жасаған дереккөз Абу-Дабидегі консультациялар белгілі бір нәтижелер бергенін айтқанымен, олардың мазмұнын нақтыламады.
Америкалық-израильдік журналист Барак Равидтің мәліметінше, украиналық өкілдер Абу-Дабиде өткен үшжақты консультацияларды позитивті және конструктивті деп бағалаған.
🚨🇺🇸🇺🇦🇷🇺Trilateral talks between U.S., Russia and Ukraine in Abu Dhabi were "positive" and "constructive", Ukrainian officials tell me. Another round of talks to be held in Abu Dhabi next week
— Barak Ravid (@BarakRavid) January 24, 2026
Оның айтуынша, осы форматтағы келесі кездесу келесі аптада тағы да Абу-Дабиде өтуі мүмкін.
Бұған дейін Абу-Дабиде Украина бойынша келіссөздер сенбі күні жалғасатынын жазғанбыз.