ӘЧ билетінің бағасы 33 000 долларға жетті: Мексика президенті FIFA-ны сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы әлем чемпионаты билеттерінің бағасы 32 970 АҚШ долларға жетіп, ал қайта сату нарығында 2,3 миллион долларға дейін көтерілген. Бағаның күрт қымбаттауына байланысты Мексика президенті Клаудия Шейнбаум FIFA ұйымын баға саясатын қайта қарауға және турнирді жанкүйерлер үшін қолжетімді етуге шақырды. Бұл туралы AP агенттігі жазды.
Шейнбаумның айтуынша, мұндай бағадан кейін көп жанкүйер турнирді тамашалай алмайды.
— Футбол басқаша болу керек. Бұл FIFA ішінде де ойланатын жағдай, — деді ол.
Оның пікірінше, ойын баршаға қолжетімді болып, әлемдегі адамдарды біріктіруі тиіс.
2026 жылғы әлем чемпионатының АҚШ, Канада және Мексикада өтетін матчтарына билеттердің бастапқы бағасы 140 доллардан 8 680 долларға дейін болған. Кейін кейбір билеттер арзандағанымен, жекелеген ойындарда баға айтарлықтай өскен.
Ең қымбат билеттер финалға тиесілі болып, олардың құны 32 970 долларға дейін жеткен. Ал қайта сату нарығында баға одан да жоғарылап, сәуір айында FIFA-ның қайта сату платформасында кейбір билеттер шамамен 2,3 миллион долларға дейін бағаланған.
Шейнбаум коммерциялық модельдің спорттағы қалыпты тәжірибе екенін мойындады. Дегенмен ол спорт тек ірі шығындарға негізделген кеңістікке айналмауы керек екенін атап өтті.
FIFA әзірге Мексиканың бұл мәлімдемесіне жауап берген жоқ. Ұйым президенті Джанни Инфантино билет бағасы Солтүстік Америка нарығына сәйкес екенін айтқан.
Еске сала кетейік, былтыр жыл соңында Football Supporters Europe халықаралық жанкүйерлер қауымдастығының есептеуіне сәйкес, АҚШ-тағы матчтардың бағасы Қатарда 2022 жылы өткен әлем чемпионаты матчтарымен салыстырғанда 5 есе өскені туралы айтылған еді.
https://kaz.inform.kz/news/2026-zhilgi-ach-matchtarina-bilet-bagasi-belgl-boldi-futbol-zhankuyerler-ashuli-939fb5