Адам амандығы жолындағы арпалыс бөлімінің мейірбикесі
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Өмірде ешкімге ертеңгі күннің сәулесін көруге кепілдік берілмеген. Түрлі жағдайға тап болып, ота үстелінен бір-ақ шыққан кей азаматтарды ажал тырнағынан арашалап қалу жолында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің еңбектері ерен, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.
Ал, дәрігер мен науқастың арасындағы алтын көпір, ол – мейірбикелер. Әрбір отаның сәтті өтуі үшін үлес қосатын да, отадан кейін науқастың жағдайын жасайтын да солар.
Жамбыл облыстық ауруханасы ота жасау бөлімінің аға мейірбикесі Күләш Қошқарбаева 1985 жылдан бері медицина саласында, 22 жылдан астам уақыт аталған бөлімде жұмыс істеп келеді.
«Бізге жылда жаңадан қаншама мейірбике келеді. Бірақ, үнемі маман жетіспей жатады. Себебі, жас мамандардың көбісінің мұндағы ауыр көрініске жүректері шыдай бермейді. Әрі пышақ жарақатымен немесе басқа да ауыр жағдайдағы науқастар мұнда күн демей, түн демей «Жедел жәрдеммен» түсіп жатады. Мереке күндері жұмыс күшейе түседі», - дей келе, аға медбике мереке күндері ғана емес, елде болған түрлі оқиғалар кезінде де жұмыс жүгі еселей түсетінін айтты.

Соның бірі – Қаңтар оқиғасы кезіндегі жан алысып, жан беріскен арпалысқа толы күндер Күләш Қошқарбаеваның есінде мәңгі сақталады. 40 жылға жуық еңбек тәжірибесінде көрмеген сұмдықтарды да сол Қаңтарда бастан кешіпті.
«Сол кезде жарақат алып, ауруханамызға келген жандардың көп болғаны соншалық, сенсеңіз, дәлізде аяғымызбен қан кешіп жүріп жұмыс істедік. Есіме түссе, күні бүгінге дейін бойым түршігеді. Ота үстелдерінің бәрі бос емес болды. Тек бір ғана бригада науқастарды тасумен айналысты. Себебі, басқа бригадаларға мүмкіндік болмады, оларға да шабуылдар жасалды. Қалғандарымыз осы жерден шықпай жұмыс істедік. Еденде жатып ем алған науқастар да болды. Әрбір таңды ота үстелінде қарсы алуымызға тура келді», - дейді енді ондай күннің тумауын тілеген ақ халатты абзал жан.
Мейірбике бір бұл ғана емес, коронавирус кезіндегі жағдайдың да ауыр болғанын еске алды. Ол кезде қызметкерлердің бәріне ауруханадан орын берілді. Обаға арналған жабық киім, резеңке етік пен қолғап, көзілдірікті ыстық күндері шешпей, жұмыс істеу қиынның қиыны. Бастапқыда, тіпті, тыныс алу қиындап кеткендей әсерде болғандығын айтады.

«Жұмыс соңында бойымызды тер басқаны соншалық, киімдерімізді сығып алған кездер де болды. Сенсеңіз, сол уақытта күн сайын 2-3 келі салмақ жоғалтып отырдық. Қауіпті инфекцияның ошағында жанұшыра қызмет етіп жүріп, өзімізге төнген қауіпті де ұмыттық. Біраз достарымыз бен әріптестерімізден сол уақытта айырылып қалдық. Небір білікті де білімді мамандарымызды жоғалтқанымызды ойласам, әлі күнге ішім удай ашиды», - деп күрсінді ол.
Жалпы, қай күн болмасын, ота жасау бөлімінің жұмысы қарбаласқа толы. Себебі, мұнда жай күндердің өзінде тәулігіне жиырмаға жуық ота жасалады. Кейде дәрігерлердің тіпті тамақтанып алуларына да уақыт тапшы.
Аға медбикенің айтуынша, әріптестерінің барлығы дерлік жоғары санатты, тәжірибелі. Білімдерін жиі-жиі жетілдіріп тұрады. Тұрақты түрде курстардан өтіп, ауруханаға Израильден, Түркиядан білікті мамандар келіп тұрады.

Мәселен, бұрын барлық отаны ашық, қандауырдың көмегімен жасайтынбыз. Қазір кіші инвазивті әдістер кең пайдаланылады. Заманауи екі видеолапароскоптық қондырғы, рентген ота жасау құрылғыларымыз бар. Ол аппараттар шағын тесіктер арқылы іш қуысына ендіріледі де, ота жасалады. Бұл әдіспен жасалған отадан соң науқас небәрі үш-төрт күнде үйіне шығып кетеді. Ал, бұрынғы әдіс бойынша апталап ауруханада жатып, тек он күннен кейін тігіс жіптері алынатын», - дейді Күләш Қошқарбаева.


«Қазір әйелдеріміздің, аруларымыздың денсаулықтары өте әлсіз. Күні кеше ғана жас анаға алты сағаттық ота жасадық. Былай қарасаңыз, жап-жас келіншек. Бірақ, өзіне күтім жасамағанның, немқұрайлы қарағанның кесірінен ауруы асқынып кеткен. Ең бастапқы кезеңінде ем-домын алғанда ота үстеліне жатпас еді», - дейді ол.
Жалпы, байқағанымыз, ота жасау бөлімінде артық қозғалысқа, орынсыз әңгімеге жол жоқ. Барлық ой, қимыл, сөз тек ауруға жасалып жатқан ота төңірегінде. Ота кезіндегі жауапкершілік тек хирургке, анестезиолог пен көмекшілерге ғана емес, сол құрамдағы мейірбикелерге де артылады. Команда сағат механизміндей ақаусыз, синхронды еңбек еткенде ғана ота нәтижелі, сәтті өтеді.

Адамзаттың денсаулығы, амандығы жолындағы арпалыс бөліміндегі әрбір маман үшін жанталас жұмыс өмірлерінің ажырамас бөлігіне айналған. Ауруханадан жазылып шыққан әрбір науқас – осы ақ халатты абзал жандардың жеңісі.
Еске салсақ, Жамбыл облысында 14 мыңнан астам адам қан тапсыраған еді.