Жамбыл облысында 14 мыңнан астам адам қан тапсырады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жыл сайын Жамбыл облыстық қан орталығына 14 мыңнан астам адам қан тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бүгінде республика бойынша қан қызметін 19 ұйым жүзеге асырады. Оның ішінде трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мен республикалық қан орталығы – республикалық деңгейдегі орталықтар болса, 15 қан орталығы облыстық және Алматы мен Шымкент қалаларындағы орталықар қалалық деңгейде қызмет көрсетеді.

2022 жылы еліміз бойынша қан орталықтарына жүгінген донорлардың жалпы саны – 292 425 адам. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп.

Ал, Жамбыл облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаровтың айтуынша, облыста жыл сайын 14 мыңнан астам адам қан тапсырады. Оның ішінде бірінші рет қан тапсыруға келген және донациялауға жіберілген бастапқы донорлардың үлесі – шамамен 29 пайыз, ал қалған донорлар 1-3 жыл ішінде 1 рет қайталап келетін қайталама донорлар санатына жатады. Жылына 3 немесе одан да көп рет қан тапсыруға дайын тұрақты донорлар санатында 250 адам тұр.

«Жылына қан орталығы қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 25 мың дозасын дайындайды. Қан сынау бөлімшесі жылына 250 мыңнан астам зертханалық зерттеулер жүргізеді, оның ішінде жылына 2 рет талдау нәтижелерінің дәлдігіне, дұрыстығына және жинақтылығына сапаны бақылау үшін республикалық бағалауға қатысады.

Мұнымен қоса, қан орталығы 24 емдеу-профилактикалық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етеді, олардың арасында ірі кардиологиялық клиникалар бар. Кейінгі 3 жылда медициналық ұйымдарда қанның әртүрлі компоненттерінің шамамен 51 мың дозасы құйылды. Бұл – 10 мыңнан астам науқастың өмірі сақталды деген сөз», - дейді Гулам Умаров.

Бұған дейін Жамбыл облысының 10 дәрігері шетелде оқытылатынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар