Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Отарда жағы сынған сарбазға қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Адамның қадір-қасиетін таптауға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев мәлімдеді.
Ресми сауалымызға берген жауабында ол Отардағы әскери бөлімде болған құқықбұзушылыққа тоқталды.
— Адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды. Бұл ҚР Конституциясында бекітілген, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде жазылған. Ал аталған жағдайға қатысты айтар болсақ, тек сот қана құқықтық баға бере алады. Біз сотқа дейінгі тергеу сапалы өтіп, әділ сот шешімі қабылданады деп үміттенеміз, — деді омбудсмен.
Еске салайық, бұған дейін оқиғаның мән жайын толық жазғанбыз. Зардап шеккен сарбаздың туыстары таратқан ақпаратқа сай, оны сержант темірмен ұрып, жағын сындырған. Алайда сержанттың өзі мұны жоққа шығарып, жарақат алған сарбаз өзі секілді қатардағы жауынгермен төбелескенін айтқан еді. Ал ҚР Қарулы Күштері әскери полициясы бас басқармасы әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар, бұған дейін Отардағы әскери бөлімде жағы сынған сарбаздың жағдайы туралы жазғанбыз.