Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Адам саудасымен күрес: Соңғы жылдары Мьянмадан 49 азамат елге қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіріп, қазіргі заманғы қанау түрлерінен зардап шеккендерді қорғаудың халықаралық тетіктерін дамытуға өз үлесін қосып келеді.

Станислав Василенко
Фото: ОКҚ

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенконың айтуынша, Қазақстан адам құқықтары саласындағы, оның ішінде құлдықтың заманауи түрлерімен күреске бағытталған 60-тан астам халықаралық шартқа қатысады.

2024 жылы елімізде халықаралық 4P қағидатына (әріптестік, алдын алу, қылмыскерлерді қудалау және жәбірленушілерді қорғау) негізделген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды.

— АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2025 жылғы адам саудасы туралы баяндамасына сәйкес, Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бағытындағы жұмысын күшейтті. Атап айтқанда, айыптау үкімдерінің саны, анықталған құрбандар және халықтың осал топтарын қорғау жөніндегі шаралар артты, — деді Станислав Василенко ОКҚ-да өткен дөңгелек үстелде.

Сонымен бірге, 2026 жылғы маусымда БҰҰ Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының сессиясында Қазақстан Беларусь Республикасымен бірлесіп «Қылмыстық әрекет жасауға мәжбүрлеу мақсатындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл» атты қарар жобасын ұсынып, оның қабылдануына қол жеткізді. Бұл халықаралық деңгейде адам саудасына қарсы күрестің жаңа тәсілдерін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

ЕҚЫҰ-мен бірлесіп Қазақстан шетелдегі мекемелер үшін адам саудасы құрбандарын анықтау және оларды қорғау жөніндегі іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Сондай-ақ тәуекелі жоғары елдерде қызмет атқаратын консулдық қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізіледі.

— Соңғы жылдары қазақстандық дипломаттардың көмегімен шетелден 61 Қазақстан азаматы, оның ішінде Мьянма аумағынан 49 азамат елге қайтарылды. Жалпы, Мьянма билігінің мәліметінше, ел аумағында 100 мыңға жуық адам жұмыс істейтін көптеген скам-орталық бар. Бұл Қазақстандағы шағын қалалардың бірінің халқына шамалас көрсеткіш. Сонымен қатар, Қазақстан осындай жағдайға тап болған үшінші ел азаматтарын, соның ішінде Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарын босатуға да жәрдем көрсетті, — деді Василенко.

Оның айтуынша, еңбек қанауының түрлі схемаларына тартылған қазақстандықтардың саны азайған. 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша 5 азамат босатылып, елге қайтарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда едәуір төмен.

Сонымен бірге, Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің қатысуымен Камбоджа мен Лаос аумағынан Қазақстан азаматтарын босатуға көмек көрсетілді.

Айта кетейік, 30 шілде — Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Биылғы іс-шаралар «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтеді. Бұл интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеу сияқты адам саудасының жаңа түрлеріне назар аударуға бағытталған.

Қазақстанда адам саудасына қарсы 2027-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.