Адам терісінің қартаюын жеделдететін микрофлора микробтары анықталды
Америкалық және француздық молекула биологтары терінің қартаю жылдамдығы мен әжім түсуіне тері қабатының микрофлора құрамы мен онда Staphylococcus, Kocuria, Peptostreptococcus және Lysobacter сынды бактериялардың бар екені әсер ететінін анықтады. Kazinform бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.
- Терінің қартаюы белгілері, оның ішінде әжім мен көз қиығындағы әжімдерге байланысты биомаркерлерді анықтауда үлкен жаңалық аштық. Ол денсаулық пен теріні жақсартуға бағытталған тәсілдерді жасауды жеделдетеді, - деп мәлім етті L'Oreal компаниясы Зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Чжэн Цянь.
Оның сөзін Сан-Диегодағы Калифорния университетінің (UCSD) баспасөз қызметі келтірді.
Чжэн Цянь мен басқа да мамандар микрофлора құрамының тері мен оның қартаюына әсерін зерттеу бойынша экспериментке қатысуға келіскен 18-70 жас аралығында 650 ерікті әйелге зерттеу жүргізіп, осындай шешімге келді. Зерттеуге Франция мен АҚШ тұрғындары ғана емес, Маврикий аралы, Сингапур, Жапония мен Қытайда тұратын әйелдер де қатысты.
Осы эксперимент аясында ғалымдар тәжірибеге қатысқан әйелдердің бәрінің бет терісінің қандай жағдайда екенін зерттеп, оны микрофлора ерекшеліктерімен салыстырды. Салыстыру микрофлора ерекшеліктері мен терінің қартаю сипатында шынында байланыс бар екенін анықтап, тері құрғақтығы, әжім мен қартаюдың басқа да белгілері мен микробтардың әралуандығы және түр құрамы арасындағы байланысқа қатысты заңдылықты ашты.
Сонымен, Чжэн Цянь және басқа сарапшылар тері микрофлорасының түрлік әралуандығы адамның жасына қарай біртіндеп өсетінін, сонымен қатар оның құрамында көптеген микробтың болуы терінің жоғарғы қабатынан судың баяу жоғалуына байланысты екенін анықтады. Бұған қоса, зерттеушілер терінің қартаю жылдамдығына және көздің бұрышында әжімдердің пайда болуына айтарлықтай әсер ететін бактериялардың бірнеше түрін тапты.
Атап айтқанда, Staphylococcus, Kocuria, Peptostreptococcus және Lysobacter сынды бактериялар көп болған адамдарда өзі қатарлас басқа адамдармен салыстырғанда әжімдер аз болған, ал brevibacterium және Kaistella тұқымдас басқа микробтар артық болғанда керісінше, тері қартаюы мен әжімдердің түсуі тезірек жүрген. Ғалымдардың пікірінше, осыны түсіну арқылы микрофлораның құрамын ескере отырып, терінің қартаюын баяулататын тәсілдерді жасауға болады.