Адамның жеке басына тиіспеу, «Миранда ережесі» бекітілді – Конституциялық комиссия
АСТАНА. KAZINFORM – Адамның жеке басына тиіспеу, «Миранда ережесі» бекітілді. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.
– Озық конституциялық тәжірибеге сүйене отырып, жеке тұлға міндеттерінің өзегін нақтылайды. Өмір сүру құқығының абсолюттілігі, адамға бағдарлану, оның жеке басына тиіспеу, «Миранда ережесі» бекітілді. Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір қасиетін құрметтеу, әлеуметтік құқықтар күшейтілді. Құқықтық айқындық қағидаты заңнама жүйесіне арқау болып қала бермек, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Конституцияның 7-бөліміндегі сот төрелігінің қағидаты ретінде қарастырылған кейбір ережелер осы бөлімге адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде ауыстырылып, дербес бапта біріктірілгенін айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) төртінші отырысы өтті.
Kazinform агенттігінің сайтында әдеттегідей отырыстан тікелей эфир ұйымдастырылды.