Адамзат тарихында 220 мың тоннаға жуық алтын өндірілген
АСТАНА.KAZINFORM — Адамзат тарихында өндірілген алтынның жалпы көлемі 2025 жылдың соңына қарай шамамен 220 мың тоннаға жетіп, оның нарықтық құны 31 трлн доллар шамасында бағаланған. Бұл деректер World Gold Council есебінде келтірілгенін БЕЛТА хабарлады.
Сарапшылардың мәліметінше, алтын қорының басым бөлігі зергерлік бұйымдар түрінде сақталған — 44% немесе 97,65 мың тонна (шамамен 14 трлн доллар). Құймалар мен монеталар үлесіне 21% (46,95 мың тонна, 7 трлн доллар), ал орталық банктердің резервтеріне 18% (38,67 мың тонна, 5 трлн доллар) тиесілі.
Сонымен қатар, алтынмен қамтамасыз етілген ETF қорларында 2% (4,025 мың тонна, 0,6 трлн доллар), институционалдық және жеке инвесторлардың биржадан тыс активтерінде 5% (шамамен 10 мың тонна, 1,5 трлн доллар) сақталған. Ал қалған 10% (22,6 мың тонна, 3 трлн доллар) өнеркәсіп пен технология салаларында пайдаланылады.
Мамандардың айтуынша, алтын іс жүзінде жойылмайтын металл болғандықтан, бұрын өндірілген қорлар айналымда қала береді. Сондықтан нарық тек жаңа өндіріс есебінен ғана емес, бар қорлардың қайта бөлінуі арқылы да қалыптасады.
Алтын қоры жылына шамамен 1,8% өсіп отырады. Бұл баяу өсім уақыт өте келе тапшылықты күшейтіп, оның ұзақ мерзімді құнын қолдайды. Сарапшылар қысқа мерзімді сұраныс өзгерістері, әсіресе инвестициялық ағындар әсерінен, алтын бағасына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін екенін атап өтеді.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты алтын мен күмістің бағасы арзандағанын жаздық.