Әдемі, Сұлу және Әміре: Ақтөбеде үшем өмірге келді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Шалқар қаласындағы Лайықовтар отбасында өмірге келген сәбилерді аудан әкімі құттықтап барды. Олар бір айдан аса уақыт Ақтөбе қаласындағы перзентхана дәрігерлерінің бақылауында болды.
Ерлі-зайыпты Аслан Лайықов пен Ләззат Жоламанованың отбасында үлкен қуаныш. Шалқар қаласының тұрғыны Ләззат Жоламанова жүктілігінің отыз бірінші аптасында үшемді өмірге әкелді. Нәрестелердің дүниеге келгендегі салмағы — 1600, 1670, 1490 грамм болды.

— Сәбилерім бір ай бұрын өмірге келді. Алайда салмағы өте кішкентай болып, бірінің жүрегі ауырып, ота жасауға туралы келді. Сондықтан жан-жаққа хабар бермей, кеше ғана аудандағы үйімізге оралдық. Қазір нәрестелердің жағдайы жақсы, салмақ жинап, өсіп келеді. Негізі өз тұқымымда егіздер бар. Сонымен бірге үлкен ұлым «үш бөпе керек» деп айтып жүр еді. Аузына салғаны шығар. Балаларымызға есім берген кезде күйеуім екеуіміз ақылдасып қойдық. Өмірі әдемі, ғұмыры сұлу әрі Алланың әмірімен келген балалар деп үндестірдік. Өзім бала күтімімен үйдемін, ал күйеуім теміржол саласындағы күзет қызметінде, — деді жас ана Ләззат Жоламанова.

Оның айтуынша, қазіргі үйі ескі әрі тарлық етеді.
Айта кетейік, сәбилердің ата-анасын аудан әкімі Жанболат Жидеханов құттықтап барып, естелік сыйлығын тарту етті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазанда 23 жастағы қызылордалық дүниеге үшем әкелді. Олардың есімі — Хадия, Хафиз, Хамза.