Әділет Алмат Қытайдағы Азия чемпионатының финалында алтынға таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық дзюдошы Әділет Алмат Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына шықты.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жартылай финалда Алмат тәжікстандық Бехрузи Ходжазаданы жеңді. Финалда ол тағы бір тәжікстандық спортшы Сомон Махмадбековпен алтын медаль үшін таласады.
Сол салмақтағы тағы бір қазақстандық Абылайхан Жұбаназар жұбаныш белдесуінде БАӘ спортшысы Нугзари Таталашвилиді жеңіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Ол қола жүлде үшін өтетін кездесуде БАӘ спортшысы Гаджимурад Омаровпен бақ сынасады.
63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Эсмигүл Куюлова жартылай финалда Солтүстік Корея спортшысы Джи Хье Кимге есе жіберіп, қола медаль үшін белдеседі. Оның қарсыласы – Тайбэй өкілі Пэй Сунь Юань.
57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дана Әбдірова жұбаныш кезеңінде өзбекстандық Шукуржон Аминоваға жол беріп, жарысты жетінші орынмен аяқтады.
Бұдан бұрын Эсмигүл Куюлова мен Әділет Алмат дзюдодан Азия чемпионатының жартылай финалына шыққанын жазған едік.