Әділет Барменқұлов ҚФФ қаржысын жымқыру күдігіне ілінген жоқ - агенттік
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футбол федерациясына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшысы Әділет Барменқұлов осы істе күдікті ретінде қарастырылмаған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлім етті.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Қазақстан футбол федерациясындағы тергеу іс-қимылдарына қатысты сұрақ қойды.
- Бізде жымқыру дерегі бойынша Қазақстан футбол федерациясына қатысты қылмыстық іс бар. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеудің басқа деректерін айта алмаймын. Мен тек прокуратурамен келісілген сотқа дейінгі тергеу деректерін ғана жариялай аламын... Барменқұловты күдікті ретінде қарастырмадық, - деді Ж. Елемесов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, Бас прокуратура ҚФФ-ның бұрынғы басшылығы кезіндегі заң бұзушылықтарды анықтады. Федерация мен бірнеше футбол клубына жүргізілген прокурорлық тексеру нәтижесінде басқарудағы тиімсіздік пен 3 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылықтар анықталды.
Айта кетсек, былтыр күзде Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі Әділет Барменқұловтың федерация президенттігінен кеткенін мәлім еткен еді.