Әділет министрлігі авторларға сыйақы неге төленбей отырғанын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Зияткерлік меншік саласындағы Бірыңғай цифрлық платформаға енгізілген туындылардың тек 4%-ы туралы авторлық сыйақыны бөлуге қажетті толық мәлімет бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.
Оның мәліметінше, қазір платформаға 164 мыңнан астам туынды енгізіліп, 15 мыңға жуық құқық иеленуші тіркелген.
— Туындылардың тек 4%-ы бойынша ғана толық мәлімет бар, яғни Бірыңғай цифрлық платформаға енгізілген барлық туындының шамамен 7 мыңы туралы дерек толық. Мәселен, бүкіл елге танымал, платформадағы топ-чартта бірінші орынға шыққан Alem-нің орындауындағы «Күйім» әні бір айда 30 телеарна мен 25 радиостанциядан 2 мыңға жуық рет берілген. Алайда Бірыңғай цифрлық платформада туынды туралы толық мәлімет жоқ болғандықтан, оған тиесілі сыйақыны бөлу мүмкін болмай тұр, — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, авторлық сыйақының әрі қарай бөлінуі платформаға енгізілген мәліметтердің толық әрі дұрыс болуына байланысты.
Ол авторлар мен құқық иеленушілерді туындылар туралы мәліметтерді толықтыруға шақырды. Ақпаратты авторлық қоғамдар арқылы немесе платформадағы жеке кабинеттен дербес енгізуге болады. Атап айтқанда, туынды, құқық иеленушілердің үлесі, ISRC коды және сыйақы алушылардың сәйкестендіру нөмірлері туралы мәлімет қажет.
Айта кетейік, бұған дейін вице-министр Бірыңғай цифрлық платформа қалай жұмыс істейтінін айтып өтті.