Әділет министрлігі NCOC-ден 2,3 трлн теңге өндіріп алу ісі неге тоқтатылғанын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Қашаған кен орнын игеріп отырған NCOC-ден 2,3 трлн теңге өндіріп алу ісі уақытша тоқтатылды. Әділет министрлігі бұл шешім туралы ресми түсініктеме берді.

Әділет министрлігі NCOC-ден 2,3 трлн теңге өндіріп алу ісі неге тоқтатылғанын түсіндірді
Фото: Kazinform/ЖИ

Атқарушылық іс 21 шілдеде қозғалып, 7 қыркүйекте тоқтаған. Алдын ала мәлімет бойынша, компания атқарушылық іс жүргізу аясындағы мемлекеттік айыптаушының әрекетіне сотқа шағым түсірген. Бұған дейін сот шешімін орындату үшін компанияның мүлкіне тыйым салынған еді.

— Жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына ақшалай қаражат өндіріп алу жөніндегі атқарушылық іс жүргізудің тоқтатыла тұрғаны туралы ақпарат тарады. ҚР Әділет министрлігі аталған ақпаратты түсіндіру үшін келесіні хабарлайды.
Қазір NCOC компаниясы мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағымдануына байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 42-бабының 13) тармақшасына сәйкес, сот атқарушылық іс жүргізуді талап еткен жағдайда, атқарушылық іс жүргізу оны сот қайтарғанға дейін тоқтатыла тұрады, — деп жазылған Әділет министрлігінің түсіндірмесінде.

Министрліктегілер NCOC компаниясынан мемлекет пайдасына қаражат өндіріп алу бойынша жұмыс заңда белгіленген тәртіппен жалғасатынын атап өтеді.

Айта кету керек, NCOC құрамына «ҚазМұнайГаз» (16,81%), Eni (16,81%), Shell (16,81%), ExxonMobil (16,81%), TotalEnergies (16,81%), CNPC (8,4%) және «Қазатомөнеркәсіп» (1,08%) кіреді.

Іс неге қозғалып еді

Бұл даудың бастауы 2023 жылғы тексеруге барып тіреледі. NCOC нысандарына 730 мың тоннаға дейін ғана күкірт сақтау рұқсат етілгенімен, консорциум іс жүзінде 1,75 млн тонна күкірт сақтағаны анықталған.

Бұдан бөлек, табиғатты қорғау талаптарын орындамау және сарқынды суды экологиялық рұқсатсыз ағызу сияқты заң бұзу фактілері тіркелген. Осыдан кейін Қазақстан NCOC-ге 2,3 трлн теңге талап қойған.

NCOC бұл талаппен келіспей, іс әуелі Қазақстан соттарында қаралды. Алғашқы сатыда мемлекеттің ұстанымы заңды деп танылды. 2026 жылғы наурызда Әділет вице-министрі Даниэль Ваисов алты мердігердің апелляциялық шағым бергенін хабарлады. Қашаған инвесторлары Қазақстанның экологиялық шараларына байланысты екіжақты халықаралық келісімдерге сүйеніп, халықаралық төрелікке жүгінді. Іс Вашингтондағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықта (ICSID) қаралатын болған, яғни Қазақстан соты «мемлекеттің талабы заңды» деп танығанымен, инвесторлар бұл шешімді халықаралық инвестициялық құқық тұрғысынан қайта қаратуға тырысып отыр. ICSID-дегі халықаралық төрелік инвесторлардың құқығы бұзылды деген уәжді растаса, Қазақстан үшін мәселе күрделене түседі деген сөз еді.

NCOC-дің Қазақстандағы экологиялық дауы жалғыз бұл емес. 2024 жылы компания күкіртті газды рұқсатсыз жағып, өндірістен сарқылған суды Каспийге тазартпай төккені үшін 12,4 млрд теңге әкімшілік айыппұл төледі. Бірақ бұрынғы айыппұлдар миллиард теңгемен өлшенсе, жаңа талаптың көлемі бірнеше триллионға жетіп отыр.

NCOC компаниясынан 2,3 трлн теңге өндіріп алу үшін атқарушылық іс қозғалды
Фото: NCOC

Қашаған жобасына қатысты коммерциялық дау да бар. Ол даудағы мәселе жобаның шығындарын есептеудің ашықтығы мен әділдігіне байланысты. Мұнай-газ сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстан инвесторлар жұмсаған 13,5 млрд доллар көлеміндегі шығынды мұнайды бөлу кезінде өтелетін шығын ретінде есептемеуді талап етіп отыр. Сонымен қатар Қазақстан Қашаған жобасының алғашқы кезеңінде өндіріс қуатына толық шықпауы салдарынан 150 млрд долларға дейін табыстан қағылғанын алға тартады.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Смайылов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында талап сомасын 150 миллиард долларға дейін көтерудің астарында не жатқаны туралы пайымын айтқан еді. Оның айтуынша, бастапқы 15 миллиард долларды бірнеше талаппен түсіндіруге болады. Біріншісі — қоршаған орта, екіншісі — өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) бойынша Қазақстан өтегісі келмейтін шығындар.

Асқар Исмаилов
Фото: Kazinform

— Қазақстан тарапы «Қашаған жобасы операторлар уәде еткендей іркіліссіз жұмыс істеген болса, кейінгі 20 жылда ел қазынасына 138 млрд доллар кіріс түскен болар еді» дейтін уәжді алға тартып отыр. Мұнайдың қазіргі бағасы мен талап-арыздың көлеміне қарайтын болсақ, бұл шамамен 250 миллион тонна мұнай дегенді білдіреді. Ал кен орнындағы қазiргi өндiрiстi ескере отырып, бұл Қашағандағы шамамен 15-20 жылдық өндiрiс көлемі деп болжауға болады. Мердігер компаниялар 2005 жылы коммерциялық өндіріс болады деп уәде еткен, содан кейін 2008 жылға шегерді, одан соң 2013, сосын 2016 жылға ауыстырды. Бұл тұрғыда аталған сома соның өтеміне сәйкес келеді, яғни 20 жыл өндіру дегеніміз 250 миллион тонна және бұл шамамен 138 миллиард доллар болады, — деп топшылайды Асқар Смайылов.

Қарашығанаққа қатысты да дау бар ма

Ал Bloomberg-тің мәліметінше, Қазақстан тарапы Қашаған кен орнын игеруші алпауыт компанияларға қойған талап сомасын 150 млрд доллардан 160 млрд долларға дейін ұлғайтқан. Басылымның мәліметінше, Қарашығанақ жобасында да өнім бөлісу келісімін орындау бойынша дау жүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан инвесторлардың 2010-2018 жылғы шығындарына дау айтып отыр.

Мұнай-газ сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, инвесторлар тендерлік жобалардың бюджетін негізсіз көбейтіп, шамадан тыс шығын көрсеткен. Оның бағалауынша, дау 4-5 млрд доллардың айналасында болып отыр. Сарапшы Қазақстанның 2-4 млрд доллар өтемақы өндіріп алу мүмкіндігі 70-90 пайыз деп санайтынын айтқан.

Нұрлан Жұмағұлов
Фото: Н. Жұмағұловтың жеке мұрағатынан

Осылайша Қазақстан қазір ірі мұнай жобаларында тек өндірілген мұнай көлемін немесе салық түсімін емес, инвесторлардың қандай шығынды жобаға жазғанын, ол шығынды мемлекет қалай өтескенін, компаниялардың келісімшарт міндеттемелерін қалай орындағанын қайта қарап жатыр. Қашағандағы 2,3 трлн теңгелік айыппұл — осы үлкен таластың ең көзге түсетін бөлігі.

Айта кету керек, Қазақстанда Қашаған кен орнының шикізат базасында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Шілденің аяғындағы мәліметке қарағанда, құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 60 пайызға жеткен. Жаңа зауыт жылына 1 млрд текше метр ілеспе газды өңдеп, 727 млн текше метр газ өндіреді.

Сондай-ақ, былтыр жыл аяғында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Қытайдың «CITIC Construction Co., Ltd» компаниясы арасында Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу бойынша ынтымақтастықтың базалық қағидаттары туралы келісімге қол қойылған болатын