Әділжан Жақып: БҚО-да ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,5°C-қа жылып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия өңірінің жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен 2 есе жоғары. Бұл туралы Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығының атқарушы директоры Батыр Мамедов айтқан еді. Ал Қазақстанда қандай климаттық өзгерістер болып жатыр? Бұған қандай зерттеулер дәлел?

Әділжан Жақып: БҚО-да ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,5°C-қа жылып келеді
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл сауалға «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны климаттық зерттеулер басқармасының қызметкері Әділжан Жақып Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында жауап берді.

Маманның сөзінше, Қазақстанның климаты өзгеріп жатыр. Бұған еліміздің Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы да әсер етеді. Осыған байланысты ауа температурасының режимі мен жауын-шашын мөлшері басқа елдермен салыстырғанда ерекшеленеді.

– Кейінгі жылдары елде ауа температурасының жоғарылауы және жауын-шашынның азаюы байқалып отыр. Жаһандық деңгейде бұл үдеріс парниктік газдар көлемінің артуымен байланысты. Атмосферадағы парниктік газдардың көбеюі жер шарының жылынуына әкеледі, бұл Қазақстан климатына да тікелей әсер етеді, - деді ол.

Әділжан Жақыптың айтуынша, климаттық өзгерістер тек ауа температурасының көтерілуімен және жауын-шашынның азаюымен шектелмейді. Ол елдің гидрологиялық жағдайына да ықпал етеді. 

– Қар жамылғысының азаюы көктемгі су тасқындарының жиілеуіне себеп болып отыр. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс таулы аймақтарда мұздықтардың қарқынды еруі байқалады. Олардың көлемі мен ауданының азаюы су ресурстарының қалыптасу режиміне ықпал етеді. Экстремалды гидрометеорологиялық құбылыстардың әсерінен кей өңірлерде құрғақшылық күшейсе, басқа аймақтарда су тасқындары жиі кездеседі. Бұл құбылыстар жыл сайын қайталанады, - деді Әділжан Жақып.

Әділжан Жақып: БҚО-да ауа температурасы әр 10 жыл сайын 0,5°C-қа жылып келеді
Фото: видеодан алынған скрин

Спикердің сөзінше, климаттық өзгерістер өңірлер бойынша әртүрлі байқалады. Бір өңірде жылыну қарқыны жоғары болса, енді бір өңірде температураның көтерілуі тұрақты.

– Қазақстан аумағы батыстан шығысқа қарай шамамен 3 мың шақырымға созылады. Батыс Қазақстан өңірі температураның жоғарылауына сезімтал. Аймақта әр он жыл сайын орташа температура шамамен 0,5°C-қа артып келеді. Бұл өзгерістерге географиялық факторлар да әсер етеді. Ел аумағының негізінен жазық болуы және таулы аймақтардың шеткі өңірлерде орналасуы климаттық ерекшеліктерге ықпал етеді, - деді маман.

Бұл зерттеулер халықаралық ғылыми тәсілдерге сай жүргізіледі.

– Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ұсынымдарына сәйкес климаттық зерттеулер 30 жылдық кезеңдер бойынша жүргізіледі. Қазақстанда да климаттық көрсеткіштер тұрақты түрде бақылауға алынып, талданып отырады, - деп түйіндеді сөзін Әділжан Жақып. 

Айта кетейік, су тапшылығы мен климаттық қысымның агросекторға әсері туралы бұған дейін жазған едік.