АЭС қаншалықты қауіпсіз — Ұлыбританияның экс-министрімен сұхбат
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Бүгінде Орталық Азия елдері атом энергетикасын дамытуға бет бұра бастады. Бұл ретте Өзбекстанда аз қуатты АЭС құрылысы басталатын болса, Қазақстан энергетикалық нысанды салу бойынша референдум өткізіп, жобаларды зерделеуге кірісті. Осы орайда Ташкент қаласында өткен «Ядро көкжиегі: аз қуатты АЭС салу және энергетикалық жүйелерді интеграциялау» конференциясы аясында Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Ұлыбританияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы экс-министрі, қазіргі NNWI компаниясының директоры Тим Йеодан сұхбат алып, саланың перспективалы бағыттарын сұрап көрді.
— Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан мен Өзбекстан атом энергетикасын дамытуға ерекше ден қойып, бұл бағытта алғашқы қадамдарды жасай бастады. Осы ретте аймақ мемлекеттері атом генерациясын енгізу арқылы не ұтады?
— Қазір Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан үшін атом энергетикасын дамытатын кезең. Өйткені, электр энергиясын газ, көмірді жағу арқылы өндіруді біртіндеп төмендете бастауымыз керек. Оған атом электр станциясының көмегінсіз қол жеткізу мүмкін емес. Бұл ретте энергобаланстағы жаңартылған энергия көздерінің де үлесін арттыра түсу маңызды. Мәселен, АҚШ атом энергетикасын дамытуда дұрыс жолды таңдаған жоқ. Ал Орталық Азия елдері болса перспективалы бағытқа түсті. Әрине, бұл бізді қуантады.
— Қазақстан мен Өзбекстанның жасыл энергияны өндіру жолындағы қандай қадамдарды атап өтер едіңіз?
— Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері жасыл энегрияны өндіру бағытында тиісті жобаларды қолға алып жатқанын көріп отырмыз. Жаңартылған энергия көздері, атап айтқанда күн, жел, су электр станциялары қажеттілікті үнемі жауып отыруға қауқарсыз екенін түсінуіміз керек. Ал АЭС үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Осы тұрғыдан қос елдің таңдаған бағыты өте орынды саналады.

— Бүгінде атом электр станцияларының қауіпсіздігіне қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, АЭС қаншалықты қауіпсіз энергия көзі саналады?
— Мен атом электр станцияларының қауіпсіз екеніне сенімдімін. Кейінгі 3 жылда біз Еуропалық комиссияға аталған энергия көзінің қауіпсіз әрі таза екенін дәлелдедік. Оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік де дәл осындай пікірде. Аталған ұйым әлем елдерін атом генерациясына бет бұруға үндеп жатыр. Сондықтан қазақстандықтар мен өзбекстандықтарға алаңдауға ешқандай негіз жоқ.
— Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі алдағы 35 жылда көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді жоспарлап отыр. Қос мемлекеттің осы бағытта қолға алған шаралары мен ерік-жігерін қалай бағалайсыз?
— Мен Орталық Азия елдерінің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізе алатынына сенімдімін. Тиісінше, бұл процессті жеделтедуге тырысу керек. Егер осы уақытқа дейін көміртегі бейтараптығына көшу жоспары орындалмаса, онда экологиялық апаттардың зардабы өте ауыр болатыны сөзсіз. Алдағы 35-40 жылда энергия өндіру үшін қолданылатын газ, көмір сияқты ресурстардың қоры да азаяды. Сондықтан осы уақытқа қарай барлық жылу электр орталықтарын жабуға тырысуымыз қажет. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің қолға алған жобалары мен ерік-жігерін жоғары бағалаймын.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!