АЭС құрылысында Қазақстан халқы өзі таңдау жасайды – Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде АЭС салу референдумына қатысты пікір айтты.

АЭС
Фото: pixabay.com

«Экономикамызды дамытудағы қазіргі проблемалардың бірі электр энергиясының тапшылығына байланысты. Экономикамызды екі есе ұлғайтамыз деген жоспарымыз бар. Үкімет біраз өндірісті ашу жұмыстарын атқарып жатыр. Сондықтан электр энергиясының бұдан да көбірек көлемі керек екені анық. Егер энергия көзі болмаса, онда бұл жағдай үлкен проблемаға алып келеді. Сол себепті цифрлық техннологияларды, жасанды интеллекті, өндірісті дамытуға қосымша энергия керек. Бұл мәселені тұрақты түрде шешудің бірден бір жолы – Қазақстанда атом электр станциясын салу. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күзде референдум болатыны туралы айтты», - деді М. Әшімбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл бағытта нақты шешімді халық қабылдайды.

«АЭС керек пе немесе керек емес пе? Шешімді халық жасайды. Біз билік тарапынан ұсыныс айтқанымызбен, ары қарай Қазақстан халқы өзі таңдау жасайды. Жалпы, осы мәселеге қатысты тиісті ақпарат таратылып, осы бастаманың мән-жайы түсіндірілетіні анық. Референдумға орай түрлі әлеуметтік топтар, сарапшылар өздерінің пікірлерін айта жатар. Халық осы ақпаратты қорытып, шешім қабылдайды. Қазақстандықтар бұл рефрендумда өздерінің ұстанымын нақты көрсетеді деп сенеміз», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде елде атом электр стансасын салу жобасы туралы пікір білдірді. 

Атап айтқанда, АЭС жөніндегі референдум күзде өтеді.

Соңғы жаңалықтар